Ауған соғысының ардагері: Ел үкіметі Қазақстанның қорғаныс жүйесін дамытуға селқос қараған емес - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-1 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ауған соғысының ардагері: Ел үкіметі Қазақстанның қорғаныс жүйесін дамытуға селқос қараған емес

Ауған соғысының ардагері: Ел үкіметі Қазақстанның қорғаныс жүйесін дамытуға селқос қараған емес

Еліміздің қорғаныс саласы қандай дәрежеде? Ауған соғысының ардагерлері қазіргі қазақ әскеріне қаншалықты сенім артады? Ардагерлердің жастарға деген сенімі қандай? Әскеріміз әлдеқандай қауіп төнсе төтеп бере ала ма?

  • 22 Маусым 2023
  • 80
Фото - Caravan.kz

Сaravan.kz медиа порталының осы және өзге де сұрақтарына ауған соғысының ардагері, білікті маман Тоғайбай Тоғанбай жауап береді.

— Ауған соғысының ардагерісіз, басыңыздан көптеген жағдайлар өтті. Елден бұйрық келгеннен кейін осындай адал қызметті атқарған болатынсыз. Одан кейін де көптеген жылдар өтті, елімізде көптеген жақсы өзгерістер орын алды. Өзгеріс қорғаныс саласында да, әскери салада да орын алды. Еліміздің қорғаныс саласына қазір көңіліңіз тола ма?

— Ауған соғысының ардагері болғандықтан расында да басымыздан көптеген жағдайлар өткені анық. Ол жақтағы соғыс кезінде көптеген қиындықтар орын алғаны хақ. Сондықтан да қорғаныстың қандай екенін білеміз. Қазіргі таңдада жағдайымыз жаман деп айта алмаймын. Бүгінгі ахуалымыз өте жақсы. Қаруымыз да бар, қауқарымыз да жетеді. Әрине ең бастысы – еліміздің тәуелсіздігін сақтау. Қазіргі таңда шет елдердің бір-бірімен соғысып жатқанын көріп тәуба дейсің. Елде соғыстың болмауы, ахуалымыздың жақсы болуы тек қана қорғаныс саласының қолында емес, ол бүкіл қазақстандықтардың қолында, барлығымыздың да міндетіміз. 

— Қауіпсіздіктің тірегі қорғаныс саласы екені сөзсіз. Бұл саланы одан сайын жақсарту үшін не істелуі тиіс деп ойлайсыз?

— Қорғаныс пен әскер егіз ұғым десе де болады. Сондықтан да әскерилерді көтеру керек деп ойлаймын. Жастарды әскерге көбірек салуымыз керек деп ойлаймын. Кейбір жастар әскерден қашып та жатады, оларға жақсылап үлгі, өнеге көрсетуіміз керек. Сол кезде бұл салаға қызығатындар, әскерге баратындардың саны көбейе түседі деп ойлаймын. Сондай-ақ еліміздің қарулы күштерін, әскердің материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары көбірек жасалуы тиіс деген ойдамын. Алайда айта кететін жайт біздің еліміз Қазақстанның қорғаныс жүйесін дамытуға, әскердің жауынгерлік дайындығын қадағалауға, ел үмітін ақтауға ешқашан да селқос қараған емес. Менің білуімше елімізде қарулы күштер жаңа әрі заманға сай қару-жабдықтармен жабдықталу үстінде, мүмкін тіпті жабдықталып қойды да. Қателеспесем елімізде тіпті әскери көлік жасайтын зауыт та бар. Сондықтан бұл айтқандарымның барлығы мақтауға тұрарлық жайттар.

— Жаңа жастар туралы айтып қалдыңыз. Қорғаныс саласындағы, әскер саласындағы жастарға көңіліңіз тола ма?

“Көңілім толмайды” деп айтсам меніңше ол менің опасыздығым болып саналады. Сондықтан да “көңілім толмайды” деп айтуға аузым бармайды. Әрине көңілім толады. Отан қорғаушы жастарды елді тек қарумен ғана қорғап емес, ақылмен де қорғау керек екенін айтқым келеді. Ол дегеніміз түрлі кітаптарды оқып, білім алып, үлкен жетістікке жету. Елді қорғағанда қолыңда қару болу жеткіліксіз, оған ақыл мен парасаттылық керек. Отан қорғау жолында құрбан болған көптеген батырларымыз бар. Ұлы отан соғысына қатысқан Бауыржан Момышұлы болсын, Әлия Молдағұлова болсын, Мәншүк Мәметова болсын осындай батыр ата-аналарымызды қазіргі жас ұрпаққа, жас әскер саласында жүрген азаматтарға үлгі етіп көрсетуіміз керек.

— Ауған соғысының ардагері болғандықтан көп жайтты жаңалықтардан көріп, қарап отыратын боларсыз. Оның ішінде қорғаныс саласы туралы ақпараттарды да. Біздің қорғаныс саласына шетелдің қандай тәжірбиесін алу керек деп пайымдайсыз?

— Шыны керек, ештеңені алудың да қажеті жоқ сияқты. Өйткені айтып өткенімдей бізде қару-жарақты да шығарады, тіпті әскери көлік шығаратын зауытымызға дейін бар, сондықтан аса ештеңенің қажеті жоқ-ау деп ойлаймын. Өйткені болашақ қорғаныс қызметкерлеріне де, әскери қызметкерлерге де оқимын десе оқитын жері бар, қызмет атқарамын десе қызмет атқаратын жері бар. Тәжірбие аламын десе ондай жері де бар. Алайда шетелдің қандай да бір тәжірбиесін алу керек десе онда жақсы жағын әрі біздің менталитетке келетін жағын ғана алу дұрыс деп ойлаймын.

— Қазіргі жауынгерлерге, еліміздің қорғаныс саласында қызмет етіп жүрген азаматтарға қандай ақыл кеңес берер едіңіз? Айтарыңыз болса…

— Қазіргі келе жатқан жолымыз жаман емес. Жолымыз қисайып кетпей, осылай жүрсек жаман болмаймыз. Бүгінгі таңда Қарулы Күштеріміздің даму қарқынына, жұмыс барысына зер салып қарайтын болсақ елімізді, қазақ жерін қорғайтын, отанымыздың тыныштығын күзететін сарбаздардың рухының, патриоттық сезімінің, елге деген сүйіспеншілігінің жоғарылап, артып бара жатқанын байқауға болады. Ал енді еліміздегі жауынгерлерге, әскери салада қызмет етіп жүрген азаматтарға, оның ішінде қорғаныс саласында қызмет етіп жүрген азаматтарға айтарым бастысы еліңді сүю керек деген сөзді ғана айтқым келеді. Өз елін сүйетін азамат, жауынгерлер, елін қорғайтын азаматтар өз тарихын білсе, дәстүрін білсе, қазақ халқының ерекшеліктерін өз бойына сіңіре білсе ондай жауынгерден жаман адам шықпайтынына кәміл сенімдімін. Мағжан Жұмабаев “Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты, мен жастарға сенемін”, — деген өлең жолдары елін қорғайтын, жерін қорғайтын дәл осы сарбаздарға, жауынгерлерге арнағандай көрінеді. Елімізде батыл, ержүрек, ілім іздеген білім іздеген жауынгерлер, сарбаздар бар, жеткілікті, олармен мақтанамыз, марқайамыз. Дәл сондай азаматтардың арқасында мәңгілік елімізді сақтап қала аламыз.