Оның айтуынша, байқауға тестілеу қорытындысы бойынша 40 және одан жоғары балл жинаған түлектер қатыса алады. Байқауға қатысу жөніндегі өтініште түлек грант бойынша екі, кредит бойынша екі, барлығы төрт түрлі мамандық көрсете алады. Аталмыш мамандықтар үшін төртінші тестілеу пәні бірдей болуы тиіс. Грантқа арналған өтініште түлек мамандықпен бірге аталмыш мамандық бойынша мемлекеттік білім беру гранты орналастырылатын жоғарғы оқу орнын да көрсетуі тиіс.
Байқау нәтижесі байқау комиссиясының 5-тамызда өтетін отырысында қаралады. Іріктеу барысында шетелдердегі қазақ диаспорасы өкілдері үшін 2 проценттік, ауылдық мектеп түлектері үшін 30 проценттік квота ескеріледі,- деді Б.Әбдірасылов. Байқау қорытындысы бойынша грант иегеріне мамандық атауы мен жоғарғы оқу орнының атауы көрсетілген куәлік беріледі. Түлек бұл ретте байқауда өзі жеңіп алған жоғарғы оқу орнына ғана түсуге тиіс. Ал кредит иелері былтырғыдай мемлекеттік аттестациядан өтіп, тиісті мамандық бойынша маман дайындауға лицензия алған кез-келген жоғарғы оқу орнына түсе алады,- деді Б.Әбдірасылов.
Сондай-ақ, оның айтуынша, Бірыңғай ұлттық тестілеу шарасына қатыспаған түлектер арасындағы кешенді тестілеу мен сырттай оқу бөліміне студент қабылдау шарасы күндізгі бөлімге студент қабылдаумен бір уақытта жүзеге асырылады.