Облыстық ауылшаруашылығы департаменттерінің алдын-ала мәліметі бойынша, іс жүзінде жаздық дәнді дақылдар 13,5 млн гектар алаңға себілді. Бұл межеленген көлемнің 102 процентіне тең. Ал күздік дақылдардың тұқымы 0,7 млн. гектарға себілді. Жарма және майлы дақылдарға арналған егістік алқаптарының аумағы артты. Бұған қоса техникалық дақылдарға арналған алқаптар көлемі тұрақтанды.
Көктемгі далалық және егін орағы науқандары кезеңінде ауылшаруашылығы тауар өндірушілерін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік бюджет есебінен 694,4 мың тонна арзандатылған дизельдік отын бөлінді. Соның ішінде тұқым себу науқанына 329 мың тонна, астық жинауға 365,5 мың тонна дизельдік отын бөлінді.
Алқа мәжілісінде атап көрсетілгеніндей, биыл ауылшаруашылығын дамыту жөніндегі бюджеттік бағдарламалар аясында өсімдік шаруашылығы саласына 27 млрд. теңге қаржы қарастырылды. Республиканың ауылшаруашылығы құрылымдары көктемгі егіс науқанына қажетті дақылдармен толық көлемде қамтамасыз етілді.
Зиянкестермен, түрлі аурулармен және арам шөппен күреске республикалық бюджеттен 2507,5 млн. теңге бөлінді.