Лавровки ауылының 7 тұрғыны аталмыш ауру белгілерімен аудандық ауруханаға түсті. Диагноз расталғаннан кейін осы аудандағы елді мекендерге жаппай тексеру жүргізіліп, тағы да жеті науқас анықталды.
Дәрігерлердің айтуынша, әдетте бұл ауру Солтүстік Қазақстан облысына көршілес Ресейдің Тюмень облысынан әкелінетін. Сырттан әкелінген балықтан ауру жұқтыруға қатысты бірлі-жарым оқиға биыл да тіркелген. Алайда, бұл жолы тұрғындар жергілікті балықтан ауру жұқтырды. Олар ауланған балықты дереу жемей, тұздап, бірнеше күннен кейін тамаққа пайдаланған.
Ауру балық ауланған су қоймасын тұрғындар көптен бері пайдаланбайтын болған. Онда жүзуді және балық аулауды доғарған. Ал тексеру қорытындысы көрсеткеніндей, описторхоз құрты тұқының бір түріне жататын гальяннан табылды. Ал су қоймасындағы басқа жәндіктердің ағзасынан құрт шыққан жоқ.
Дәрігерлердің айтуынша, описторхоз қауіпті аурулардың санатына жатпайды. Одан қаза табу оқиғалары да сирек. Алайда, созылмалы сипатқа көшетін бұл аурудың құрты адамның бауырында жылдар бойы өмір сүруі мүмкін . Адамның өзі оны сезбей де қалуы кәдік. Ауру белгілері сары ауру белгілеріне ұқсас: бауыр мен бас ауырады, асқазан жұмысы бұзылады, теріге түрлі бөрткендер шығады.