«Қазіргі таңда жастарды еңбекпен қамту мәселесі біз үшін басымдық берілген проблемалар санатында»,- деді тұсаукесер шарасына қатысқан Астана әкімі Өмірзақ Шүкеев. «Алайда, бұл мақсатты жүзеге асыруға еңбек рыногында жастар арасындағы жұмыссыздық тауқыметінің нақты кескін-сипатын айқындайтын ықпалды тетіктің жоқтығы кедергі келтіруде»,- деді ол. Әкімнің пікірінше, жастардың еңбек биржасының ашылуы «түйткілді шешуге сәл болса да дем беруі тиіс».
Астана қаласындағы жастар ұйымдары қауымдастығы кеңесінің төрағасы Елдар Қатеновтың мәліметі бойынша, Елордасындағы жастардың еңбек биржасы үш айдан бері жұмыс жүргізіп келеді. Осы уақыт ішінде 3109 жас биржаның көмегіне жүгініп, 1441 адам жұмысқа орналасқан.
Шілде айының басында Жастардың еңбек биржасы бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін ұйымдастырды. Онда Астанада жұмыс істейтін 23 жұмыс беруші кәсіпорын 1200-дей бос жұмыс орындарын ұсынды. Жәрмеңке қорытындысы бойынша 150 адам жұмысқа орналасты.
Астанадағы Жастардың еңбек биржасы бюджет қаржыландыруы есебінен тегін қызмет көрсетеді. Астана қаласының әкімі Ө.Шүкеевтің айтуынша, қалалық әкімшілік жәрмеңке жұмысын тағы 2 жыл бойы қаржыландырмақ ниетте. Осыдан кейін барып жәрмеңке «шаруашылық есепке» көшеді.