Орталық оперативті басқармаға алғашқы тонаушылық оқиғасы туралы ақпарат 14-шілдеде кешкі сағат алтылар шамасында келіп түскен. Басқармаға қоңырау шалған Алматының 32 жастағы әйел тұрғыны Пушкин және Мәметова көшелерінің қиылысында өзін екі жігіт қарақшылық жолмен тонап кеткенін хабарлады. Әйел оларға құны 15 мың теңге тұратын ұялы телефонны беруге мәжбүр болған.
Тәртіп сақшылары қылмыскерлерді іздестіріп жатқан кезде полицияға сол ауданнан тағы да соған ұқсас хабарламалар келіп түсті. Бұл жолы екі жігіт пен қаладағы бір коллеждің студенті тонаушылыққа душар болған.
Жәбірленушілер айтқан белгілер бойынша полиция қызметкерлері 19 және 22 жастағы екі жігітті ұстады. Олардың бірі Панфилов ауданының, екіншісі Алматының тұрғыны болып шыққан.
Ұсталғандардан 36 мыңдай теңге мен ұялы телефон тәркіленді. Сезіктілер тексеру үшін Медеу аудандық ІІБ-ына жеткізілді.
Жалпы алғанда өткен тәулікте Алматыда алты қарақшылық тонау жасалып, олардың бесеуі ізі суымай әшкереленді.