«Біздің пікірімізше, конфедерация тарапынан келтірілген мәліметтер тариф өзгерісінің экономикаға әсерін бағалауға дәлме-дәл бағдар бола алмайды»,- делінген министрліктің баспасөз баянында.
Экономика министрлігіндегілердің атап көрсетуінше, «2003-2005-жылдарға арналған индикативтік әлеуметтік-экономикалық даму жоспарында 2000-жылғы салааралық баланс негізінде ҚР экономика және бюджетті жоспарлау министрлігі тариф өзгерісінің жүк тасымалы және басқа да экономика салаларына әсерінің есебін шығарған». «Бұл есеп Қазақстан экономикасы дағдарыстан жаңа ғана шыға бастаған кезде жасалған. Ал қазір республиканың экономикалық құрылымы түбегейлі өзгергендіктен, тарифтердің экономика салаларына әсерін қайта нақтылып, оны салааралық жаңа баланс мәліметтерінің негізінде жаңғырту талап етілуде»,- делінген құжатта.
Сондай-ақ, министрліктегілердің пайымдауынша, «жоғарыдағы есеп жеке темір жол транспорты үшін емес, жалпы жүк тасымалы үшін жасалған». Бұған қоса, «2004-2006-жылдарға арналған индикативтік әлеуметтік-экономикалық даму жоспары қабылданғандықтан, 2003-2005-жылдарға арналған индикативтік жоспар күшін жойды».
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Қазақстанның жұмыс берушілері конфедерациясының өкілдері ҚР экономика және бюджетті жоспарлау министрлігінің есебіне сілтеме жасай отырып, «темір жол тарифтерін 20 процентке қымбаттату Қазақстанның Жалпы Ішкі Өнімінің 2 процентке кемуіне алып келеді» деп мәлімдеген болатын.