Ұлттық банк басшысының пікірінше, банк жүйесіне өзгерістер қажет, бірақ, мұндай жаңартулар қазіргі қолданыстағы пруденциалдық нормативтерді түбегейлі өзгертуге емес, жүйені дамытуға бағытталуы тиіс. «Транзитті экономикадағы банк жүйесі дегеніміз, тез жетілетін организммен бірдей. Қазір реттеуші органдар мен рынок қатысушылары реттеуге тиіс кейбір міндеттер алда тұр. Алайда, бұлар жүйені дұрыс құрмауға байланысты туындаған проблемалар емес, өсуге байланысты алдан шыққан түйткілдер»,- деді ол.
Ұлттық банк төрағасының бұл пікірін халықаралық кеңесшілердің тұжырымы да дәлелдей түсуде. Олар Қазақстанның қаржы және банк жүйесін тұтастай және ТМД деңгейінде аса жоғары бағалауда.
Дегенмен, Ә.Сәйденовтың айтуынша, Ресейдегі банк дағдарысы қазақстандық жүйенің стратегиясын жан-жақты талдауға мәжбүр етті. «Ұлттық банк ҚР қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөніндегі агенттігімен бірлесе отырып Ресейдегі оқиғаларды сабақ ретінде зерттеуде. Оларды егжей-тегжейлі талдау банк жүйесіндегі нормативтік құжаттарға өзгерістер енгізуге мәжбүр етуі мүмкін»,- деді ол.
Банк және қаржы жүйесін түбегейлі жаңалау жөніндегі үкімет ұстанымына қатысты пікір білдірген Ә.Сәйденов ондай ұстанымның түп-төркінін түсінсе де, онымен қосыла алмайтынын жеткізді. «Банк қызметінің құны, бірінші кезекте шағын және орта бизнеске арналған несиелік ставкалардың жоғарылығы еліміздің индустриялық-инновациялық даму стратегиясын жүзеге асыруға талпынып отырған үкімет мүшелерінің көңілінен шықпайтыны түсінікті. Дейтұрғанмен, жекелеген бағдарламаларды жүзеге асыруға реттеуші органдар түрткі болуға тиіс емес, бұл үкіметтің өз міндеті»,- деді Ұлттық банк төрағасы.
Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға әсер ететін экономикалық тетіктер ретінде ол нақты кейбір салалар мен бағыттарға жеңілдетілген тәртіппен салық салу, шағын және орта бизнесті дамыту қоры мен Даму банкінің араласуымен несиелердің қайтарымын мемлекет тарапынан жарым-жартылай болса да кепілдендіру жүйесін құруды атады. Бұл механизм Сингапур және Малайзия секілді елдерде табысты қолданылуда.