Сәрсенбі күні таңертеңгісін осындағы Гекова деген жерде бірнеше жер сілкінісі болған. Жалпы алғанда 20-25 жер асты дүмпуі тіркелді. Ресейдің «Новости» ақпараттық агенттігінің хабарлауынша, ең күшті жер сілкінісінің қуаты Рихтер өлшемі бойынша 5,5 балл құраған.
Кеше күндіз қуаты 5,4 балдық тағы бір жер сілкінісі Бодрум қаласының курортты аймағында тіркелді. Соның салдарынан алғашқы үрейлі дүрбелең кезінде өз пәтерлерінің терезелері мен балконынан секіріп кеткен 20 адам жараланды.
Ал жалпы сейсенбіден бері Түркияның оңтүстік-батыс бөлігінде 75 жер асты дүмпуі тіркелді. Сарапшылардың пікірінше, зілзала алдағы тәуліктерде тағы қайталануы ықтимал.
Түркия аумағының басым бөлігі жер сілкінісі аймағында орналасқан. 1999-жылдың тамыз айында елдің солтүстік -батыс бөлігінде болған қуатты жер сілкінісінен 20 мыңдай адам мерт болды.