Ә.Сәйденовтың айтуына қарағанда, Ұлттық банк заң жобасын жасауға белсене атсалысуда. Бірақ заңды негізгі жобалаушы — ҚР экономикалық қылмыстармен және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі агенттігі болып табылады.
Құжат жобасын жасау барысында қылмыстық жолмен тапқан ақшаны ақтап алумен және лаңкестік ұйымдарды қаржыландырумен күреске айрықша маңыз беретін Әлемдік банк және Халықаралық валюта қоры сынды халықаралық қаржылық ұйымдардың нұсқауларына баса назар аударылмақшы.
ТМД елдерін жаппай біріктірген FATF тектес аймақтық ұйым құру туралы бастаманы биыл көктемде Ресей көтерген. Әзірге бұрынғы кеңестік кеңістік аясында тек Ресей, Украина, Беларусь, Грузия және Молдова республикаларында ғана қаржылық барлау қызметтері жұмыс істейді.
Ә.Сәйденовтың айтуынша, мұндай ұйымды құру Достастық елдерінде қаржылық барлау ұйымдары түгелдей құрылған жағдайда ғана мүмкін болмақ. «Осындай мекемені барлық елдерде бірдей сатылы құрып, содан кейін ғана олардың іс-қызметін үйлестіру қажет»,- деді ол.
Сондай-ақ, Ұлттық банк төрағасының айтуынша, FATF жұмысын айнадағыдай қайталаудың қажеті шамалы. «Бұл үлкен тәжірибе жинақтаған әжептәуір беделді ұйым, оған әлемнің көптеген елдері мүшелікке өткен. Сол себепті ҒАТҒ-тың нұсқау-ескертпелерін орындаса жеткілікті»,- деді ол.