В.Фоостың айтуынша, Орталық сайлау комиссиясы блокты «Коммунистер мен «Қазақстанның Демократиялық таңдауы» партияларының оппозициялық халықтық одағы» деген атаумен тіркеуді ұйғарды. Бұған дейін Қазақстан Коммунистік партиясы мен «Қазақстанның Демократиялық таңдауы» партияларының өкілдері бірлестікті «Әбділдин мен Жақияновтың оппозициялық блогы» деп атауды ұсынған. Орталық сайлау комиссиясы хатшысының түсініктемесіне жүгінсек, сайлау туралы заңға сәйкес, жеке адамдар емес, тек саяси партиялар ғана сайлау алдындағы блок құра алады. Сондай-ақ, блок атауында жеке тұлғалардың аты-жөні болуға тиіс емес, деді ол.
В.Фоостың айтуынша, блок құрған Қазақстан Коммунистік партиясы мен «Қазақстанның Демократиялық таңдауы» партиялары блок атауын өзгертуге келісім беретінін Орталық сайлау комиссиясына хабарлаған.
Сонымен бірге ҚР Орталық сайлау комиссиясы блок атынан мәжіліс депутаттығынан үміткерлердің партиялық тізімін бекітті. Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, бірлестік тізімінде 13 адам бар. Партиялық тізімді Коммунистік партияның жетекшісі Серікболсын Әбділдин басқаруда.
Дегенмен, жалпыұлттық сайлау округі бойынша депутаттықтан үміткерлердің куәлігін табыс ету рәсімі бұл күні өтпей қалды. Рәсім 7-тамызға белгіленген болатын. Алайда, В.Фоостың айтуынша, «рәсім Орталық сайлау комиссиясына байланысты емес себептермен кейінге шегерілді». Орталық сайлау комиссиясына келген блок өкілі журналистерге рәсімнің кешігу себептері туралы түсініктеме беруден бас тартты. Ол өзінің «әлдекімнен телефон қоңырауын күтіп отырғанын» жеткізген. Осыдан кейін БАҚ өкілдері Орталық сайлау комиссиясында екі сағат күтіп кері оралған. Құжаттар блок өкіліне кешке қарай журналистердің қатысуынсыз табыс етілді.