Кеңес аясында көлік және коммуникация саласына қатысты кең көлемді мәселелер топтамасы талқыланады, соның ішінде Экономикалық ынтымақтастық ұйымы шеңберінде көлік және коммуникация саласын дамытуға бағытталған шаралар бағдарламасының орындалуы, Трансазиялық темір жол магистралі арқылы контейнер тасымалдаушы отарбалардың үздіксіз қозғалысын қамтамасыз ету және оған мониторинг жүргізу жөніндегі басқарушы комитет отырысында қабылданған шешімдерге шолу жасалып, Экономикалық ынтымақтастық ұйымының транзитті тасымал жөніндегі келісімінің орындалуы, автокөлік және теңіз көлігі саласындағы шаралар мен әрекеттер, ұйым аясында телекоммуникация мен пошта байланысы саласын дамыту жоспарының орындалу барысымен танысылады.
ҚР көлік және коммуникация министрлігінен KZ-today тілшісіне хабарлағанындай, елімізден кеңеске көлік және коммуникация министрі Қажымұрат Нағманов қатысады.
Экономикалық ынтымақтастық ұйымы қатысушы елдердің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін 1985-жылы құрылған. Қазір оған Ауғанстан, Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түркия, Түрікменстан және Өзбекстан сынды 10 мемлекет мүше.
Көлік министрлерінің кеңесі темір жол, автокөлік және теңіз транспорты арқылы жолаушы және жүк тасымалын ұйымдастырудағы әкімшілік және техникалық кедергілерді жою, жекелеген мемлекеттердің мүддесіне қайшы келмейтіндей жағдайда транспорт заңнамалары мен транзитті тарифтерді оңтайландыруды көздейді. Қазақстан үшін маңызды жобалардың бірі Трансазиялық темір жол магистралі арқылы Алматы-Стамбул бағытында контейнер және жолаушы тасымалын ұйымдастыру болып табылады. Ал Экономикалық ынтымақтастық ұйымының бір маңызды жобасы аймақ шеңберінде ортақ мониторинг жүйесі бар біртұтас контейнер паркін құруға саяды.