Оқу жылы неге 1 қыркүйекте басталады - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-4 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Оқу жылы неге 1 қыркүйекте басталады

Оқу жылы неге 1 қыркүйекте басталады

Бүгін – білім күні, жаңа оқу жылының бастауы. Ата-ана үшін де, оқушы үшін де ерекше күн. Ұстаздардың құшағы гүлге толып, оқу ордалары білім алушылармен толығып, жаңа оқу жылының басталғанынан хабар беретін алғашқы қоңырау соғылатын атаулы мереке!

  • 1 Қыркүйек 2023
  • 227
Фото - Caravan.kz

Патшалық Ресейдің қазақ халқының тарихына, мәдениетіне жақсылы-жаманды тигізген ықпалы зор. Соның бірі — бүгінгі білім күні. Бір біз емес, посткеңестік елдердің баршасында оқу жылы бүгін басталып жатыр.Осы ретте бұл күннің тарихын, не себепті оқу жылы 1 қыркүйекте басталатынын  Caravan.kz  медиа порталының тілшісі зерттеп көрген еді.

Жаңа жыл – жаңа оқу жылы

Бұл күннің тарихы шіркеумен тікелей байланысты. Себебі, кейбір тарихи деректерде Ресейде жаңа жыл Ұлы Констанниннің жарлығына сәйкес 1 қыркүйекте атап өтілетіні айтылған. Ертеректе мектептер христиан шіркеуінде орналасқандықтан оқу жылы да шіркеу заңына сәйкес жаңа жыл күні, яғни 1 қыркүйекте басталатын болған. Дәл осы күн тағы бір жылдың бастауы болғандықтан жергілікті халықтан салық жинап, діни рәсімдерді орындаған.

Өзгерген Жаңа жыл

Бұл күнді мейрам ретінде тойлау I Петр заманынан бастау алған екен. Себебі, алғашқы мектептер тарихтың осы кезеңінде пайда болған. 1700 жылы I Петр Еуропа елдеріне еліктеп жаңа жыл тойлауды 1 қаңтарға ауыстырады. Бірақ, білім күні, 1 қыркүйек өзгеріссіз қалған.

Идея авторы

Білім күнін мереке ретінде бекітуді, алғашқы қоңырау, соңғы қоңырау идеяларын  ұсынған — мұғалім Федор Брюховецкий.

КСРО заманындағы білім күні

Бұл атаулы дата КСРО кезінде де сақталады. 1935 жылғы 3 қыркүйектегі КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі мен БКП(б) Орталық комитетінің қаулысымен  ресми түрде 1 қыркүйек оқу жылының басталуы ретінде бекітілген.  Арада жарты ғасырға жуық уақыт өткенде бұл күн жаңа мәртебеге ие болады. 1984 жылы КСРО Жоғары Кеңесі бұл күнді жаңа мереке, «Білім күні» ретінде бекітеді. КСРО ыдырағаннан кейін де, оның құрамында болған мемлекеттерде бұл мереке әлі күнге дейін сақталған. ТМД елдері бұл мейрамды 39 жылдан бері ресми түрде атап өтіп келе жатыр. Десе де, ресми статус алғанға дейін де бұл күн  халық арасында мерекеге айналып үлгерген еді.

Басқа да пікірлер

Оқу жылының күз мезгілінде басталатынына қатысты түрлі ойлар бар. Солардың ішінде ең жиі кездесетіні мыналар:

  • балалар ата-аналарына күз және көктем мезгілінде үй тіршілігіне көмектесетін болғандықтан оқу жылы күзде басталған;
  •  жазда күн ыстық болатындықтан демалыс уақыты ретінде таңдалып, оқуға күз мезгілі оңтайлы болған;

Мұғалімдерге гүл беру дәстүрі  қашан басталды?

Ұлы Отан соғысы жылдарында жағдай ауыр болғанымен білім беру мекемелері өз жұмыстарын тоқтатпаған. Тек тылдағы жұмысқа балалардың көмегі қажет болғандықтан оқу жылының басталуын қазан айына ауыстырған. Бірақ, сұрапыл соғыс аяқталғаннан кейін 1945 жылы оқу жылының басталуы 1 қыркүйекте қайта ауысады. Мұғалімдерге гүл беру дәстүрі де дәл осы жылдары басталған екен.

Бұл күн өзге елдерде өзгерек

Алайда, оқу жылы барлық елде біздегідей күз айында басталмайды. Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа демекші, өзіндік ерекшеліктері бар. Мысалы, Жапонияда оқу жылы сакура гүлдегенде, яғни сәуір айында басталып, келесі жылдың наурыз айына дейін жалғасады. Ал, АҚШ-та тіпті нақты бекітілген күн жоқ. Әр оқу мекемесі оқу басталатын күн мен аяқталатын күнді өзі белгілейді. Германияда алғашқы қоңырау қазанда соғылса, Австралия елі оқу жылын ақпан айында бастайды екен. Ал, Нидерландыда бала 4 жасқа толған күннің ертеңінен бастап мектепке баруға міндетті. Егер, ол күн демалыс күндерге сәйкес келсе, бала оқу мекемесімен танысып, демалыс аяқталған күннен бастап мектепке барады екен.

Қазақ даласындағы алғашқы мектеп

Қазақ даласындағы алғашқы кәсіби деңгейдегі мектеп 1841 жылы Бөкей ордасында ашылған.  Жәңгір хан негізін қалағандықтан халық арасында «Жәңгір мектебі» деп аталып кеткен. Ал, қазақтан шыққан алғашқы ұстаз – Ыбырай Алтынсарин.

Рекордтық көрсеткіш! 4 миллионға жуық оқушы

Еске сала кетейік, Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше,  биыл 382 мыңға жуық бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Бірінші сыныпқа баратын оқушылардың ең көп саны Алматы қаласында, Түркістан және Алматы облыстарында тіркелген. Жаңа оқу жылында 11-сыныпта оқитындардың саны да рекордтық көрсеткішке жеткен — 188 900 оқушы. Жалпы, 2023-2024 оқу жылында мектептерде 3,9 миллионға жуық қазақстандық білім алады екен.
 

Ұстаздар мен оқушыларды, білім жолында жүрген әрбір отандасымызды бүгінгі мерекемен, білім күнімен құттықтаймыз! Алдағы оқу жылы табысты да берекелі болғай!