Департамент ақпаратына сәйкес, 2004-жылдың сәуір айында қала тұрғындарының бірі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне тұрғын үйде орналасқан саунаға тексеру жүргізуді сұраған. Ол саунаны кәсіпкерлік мақсатта пайдалануға рұқсат беретін құжаттарды алу үшін қажет болған. Саунаны тексерген О. есімді басқарма маманы құжаттарды әйелдің пайдасына рәсімдеп беруге ықпал жасау үшін 300 доллар пара сұраған.
Экономикалық және жемқорлық қылмыстармен күрес департаменті қызметкерлерінің көмегімен ұйымдастырылған кездесу кезінде сауна иесі санитарлық дәрігерге қаржы полициясы мамандары таңбалап берген ақшаны беріп, орнына саунаны пайдалануа рұқсат беретін құжаттың екі данасын алды.
Ақша табыс етілгеннен кейін Алматы қалалық экономикалық және жемқорлық қылмыстармен күрес департаментінің қызметкерлері СЭС маманын қылмыс үстінде ұстап алды. Тінту барысында одан таңбаланған ақша алынды.
Қазір ҚР Қылмыстық кодексінің «пара беру» жөніндегі 311 бабы бойынша қозғалған қылмыстық істі тексеру аяқталып, сотқа жіберілді.
Сондай-ақ, ҚР ауылшаруашылығы министрлігінің Балхаш-Алакөл бассейні су шаруашылығы басқармасының бас маманы У. есімді азаматшаның үстінен қозғалған қылмыстық істі де тергеу аяқталып, сотқа жіберілді. Қаржы полициясының ақпараты бойынша, ол дәмхана, дәріхана және автокөліктерге техникалық қызмет көрсету бөлімшесін салуға жер телімін бөлуге рұқсат алу жөнінде шешім шығарту және оның мерзімін жеделдету үшін 10 мың теңге мөлшерінде пара сұраған.
2004-жылдың 16-сәуірінде ол пара алып жатқан жерінен қолға түсті. Әйелдің жеке заттарына жүргізілген тінту кезінде одан «пара» деп таңбаланған ақшалар алынды.
Жалпы алғанда 204-жылдың 7 айында Алматы қалалық экономикалық және жемқорлық қылмыстармен күрес департаменті жемқорлық сипаттағы 20 қылмыстық іс қозғады. Олардың 13-і сотқа жіберілді.