Орталық сайлау комиссиясы төрайымының түсініктемесіне жүгінсек, ҚР ақпарат министрлігінің ұсынысымен ережелерге біршама түзетулер енгізілді. Мәселен, басылым түріндегі БАҚ-тардың таралымы туралы мәселеге өзгерістер енгізілді. Нәтижесінде, редакцияға сайлау науқаны басталғанға дейін ғана таралымды өзгертуге құқық берілді.
З.Балиеваның айтуынша, ережелер тіркеу үшін әділет министрлігіне жолданды. Бұл процедурадан кейін ережелер Қазақстан аумағында жаппай міндетті түрде орындалуы тиіс.
Сондай-ақ, Орталық сайлау комиссиясы таяу уақыттарда ақпараттық дау-дамайларға төрелік айту жөніндегі Қоғамдық кеңес құру туралы ережені бекітпекші. Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, кеңеске саяси партиялардың, БАҚ-тар мен мемлекеттік мекемелердің өкілдері енеді. Кеңес отырыстарында сайлау алдындағы үгіт-насихатты ұйымдастыру, сайлау процессіне қатысушылардың іс-қызметі мен олардың сайлау заңына бағыну жағдайына қатысты арыз-шағымдар қаралады.
Бүгін, саяси партиялар өкілдерімен кездесуде Кеңес құрамы қаралды. Оған 22 адам енген. Атап айтсақ, ҚР ақпарат министрінің бірінші орынбасары Олег Рябченко, әділет министрлігінің заңнама департаменті директорының орынбасары Марат Мұқашев, Қазақстан журналистер одағының Астаналық филиалының төрағасы Мағжан Садыханұлы, «Казахстанская правда» АҚ-ның президенті Олег Червинский, мен басқа да бірқатар БАҚ және саяси партиялардың өкілдері бар.