Ол өзінің көпшілікті алдап, адастырып жүргенін тікелей эфирде айтты, деп хабарлайды Сaravan.kz медиа порталы.
«Бүгінгі эфир әдеттегіден ерекше болады.Сіздердің алдарыңызда кеткен қателіктерім үшін, өздеріңізді алдап жүргенім үшін кешірім сұрау керек болып отыр. Мен сіздерді біраз уақыт алдап келдім. Алдарыңызда әнші Индира боп, маған деген құрметтеріңізді, маған деген көңілдеріңізді жаулап алуға тырыстым. Бұл мен үшін Алладан берген бақыт қой. Бірақ дін жолына түскелі көп нәрсені ойланатын болдым. Маған "қаншалықты халыққа адал қызмет еттім, қаншалықты дұрыс болды, қаншалықты еңбегім бағаланды" деген сұрақтар мазалады, — деді Индира Расылхан.
«Психологиямен айналысып жатқанынма 3 жылдай, нақты 2 жылдан аса уақыт болды.Осы аралықта қаншама курс өткізіп, адамдарға терапия өткізіп, тіпті тегін көмегімді көрсеткен кездерім болды. Осының барлығында менен кеткен қателік көп болды. Шын мәнінде бұл психология деген Алладан келген білім емес екен, бұл батыстан келген нәрсе екен. Осы уақытқа дейін өзім көп техника жасадым және осыны адамдарға бердім «мына техниканы жасаңыз, қарыздан құтыласыз», «мынаны істесеңіз байып кетесіз», «былай істесеңіз жолыңыз ашылады» деп көп техникаларды бердім. Және оны өзім де жасадым. Бірақ соны істеген сайын ризығым артқан жоқ, керісінше тірлігімнің бәрі кері кетті. Сонда ойландым, неге мен қарызға кіріп жатқан сияқтымсын, неге көңіл-күйім жоқ, ішімнен «мен бәрін үйреткен психология бойынша, техника бойынша дұрыс жасап жүрмін ғой, неге бұлай» деп сұрақ қойдым. Енді сіздерге аффирмация, медитация деген нәрсені жасауға кеңес бермес едім. Шын мәнінде мен Алланы тануға адасу арқылы келдім. Қазір қандай жағдай болсада тек дұға ететін болдым. Қиын кезеңді бастан кешірдім. Өте үлкен сынақ келді. Ондайды мен дұшпанымның да басына тілемес едім. Осы кезеңге дейін ақшасын төлеп, мен айтқан техникаларымды орындап жүрген жандар болса, өкініш білдіретін жандар болса, онда маған қайта жазыңыздар, тегін түрде дұрыс бағытты көрсетем», — деді әнші.