Форумды Чехия Республикасының президенті Вацлав Клаус ашты. Қазақстан мен Чехия арасындағы экономикалық қарым-қатынастардың оң бағытта дами түскенін атап өткен Вацлав Клаустың айтуынша, дейтұрғанмен, екі мемлекет арасындағы сыртқы тауар айналымының көлемі тым мардымсыз.
«Менің сапарымның мақсаты тек Қазақстан мемлекет басшысымен саяси келіссөздер жүргізумен шектелмейді. Мен үшін екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынастарға негіз қалаудың да маңызы зор. Тараптардың әлеуеті де айтарлықтай»,- деді Чехия президенті.
«Қазинвест» ЖАҚ-ның президенті Асқар Баталовтың айтуынша, Қазақстан мен Чехия арасындағы жалпы тауар айналымы 2004-жылдың алғашқы жартысында 89,9 млн. долларды құрады. Ал Чехиядан импортталатын тауар көлемі 50 млн., Қазақстан экспорты тиісінше 39,9 млн. доллар болды. Қазақстаннан негізінен шикізат тобының тауарлары экспортталады. Жалпы экспорттық тауарлар көлемінде шикі мұнайдың үлес салмағы 42 проценті құрайды.
Ал Чехиядан көбінесе автокөлік, фармацевтика, азық-түлік және жеңіл өнеркәсіп өнімдері импортталады.
Чехия өнеркәсіп және транспорт одағының сыртқы байланыс бөлімінің директоры Дагмар Кухтованың айтуынша, Чехия жағы Қазақстанмен арадағы сыртқы экономикалық байланыстар ағымын қызмет көрсету, өнеркәсіптік жабдықтар сату және Қазақстанға тікелей инвестиция енгізу бағытына қарай бұрмақ ниетте.
А.Баталовтың айтуынша, бүкіл 2003-жыл мен 2004-жылдың бірінші тоқсаны аралығында Чехиядан Қазақстанға салынған тікелей инвестиция көлемі 55,5 млн. долларды құрады. Ал жалпы 2003-жылы Қазақстанға әкелінген жалпы шетелдік инвестиция ауқымы 4,6 млрд. долларға жетті.
Бизнес-форум барысында тараптар экономиканың түрлі салаларында, соның ішінде энергетика, мұнайгаз саласы, авиациялық техника өндіру және оған қызмет көрсету, азық-түлік және фармацевтика өнеркәсібі салаларында өзара тиімді келісімдерге қол жеткізуге сенім артып отыр.