Мәлімдемеде атап көрсетілгеніндей, сайлау алдындағы науқан барысын бақылау және мониторинг жүргізу негізінде партиялар «сайлау науқанының барлық сатылары Қазақстан конституциясы мен басқа да заңнамаларын бұзу негізінде өтіп жатыр» деген тұжырымға келді. Саяси партиялар мен үміткерлердің Орталық сайлау комиссиясы мен Бас прокуратураға жолдаған заң бұзушылықтар туралы сансыз арыз-шағымдары «не жауапсыз қалады, немесе, жалған шығарып салма жауаптар алады». «Заң бұзуға қатысты бірде-бір дерек бойынша атқарушы билік өкілдері тарапынан шешім қабылданған жоқ»,- делінген мәлімдемеде.
«Ақ жол» демократиялық партиясының тең төрағасы Болат Әбіловтың айтуынша, «Сайлауға 5 күн қалғанына қарамастан Орталық сайлау комиссиясы заң талабын бұзып, «Сайлау» жүйесін мемлекеттік қабылдаудан өткізген жоқ». Саяси партиялар өкілдерінің пайымдауынша, «Орталық сайлау комиссиясы сайлауға қатысушыларды сайлаудың қалай, қандай жүйемен өткізілетінін білмей, екі-ұшты дүдамал жағдайда қалдыру үшін қасақана жасап отыр». Б.Әбілов осы орайда қазақстандықтардың басым бөлігі электронды дауыс беру жүйесін енгізуге әлі де күдікпен қарайтынын, оған қарсы екенін атап өтті.
Республиканың барлық аймақтарында «заң бұзу көріністері жалпылама сипатқа көшті»,- дейді мәлімдеме авторлары.
Құжатта атап көрсетілгеніндей, «жаппай заң бұзушылық жағдайында сайланған жаңа парламентті заңсыз деп мәлімдей отырып, Қазақстанның демократиялық күштері сайлауға қатысатындығын хабарлайды және өздерінің жақтастарына сайлау учаскелеріне келіп, жүрек қалауымен, өз еркімен дауыс беруге шақырады».
«АҚ ЖОЛ», Коммунистік және «Қазақстанның Демократиялық таңдауы» партиялары сайлауға жаппай бақылау жасау жұмыстарын ұйымдастырмақ ниетте. Және «егер Орталық сайлау комиссиясы мен сайлау комиссиялары бұл ретте де халықтың берген дауысының қорытындысын бұрмалайтын болса, біз болашақ парламентті заңсыз деп тануға еліміздің жұртшылығын, халықаралық ұйымдарды шақыру құқын өз еншімізде қалдырамыз»,- делінген мәлімдемеде.