Республикалық БАҚ-тардың хабарламасына сәйкес, Қарағанды тұрғыны Н.Гутнова бұдан бұрын күйеуі және балаларымен бірге Бесланда тұрған. Соңынан отбасы ажырасып, үлкен ұлы Заур әкесімен бірге Бесланда қалады да, Наталья кішкентай екі баласымен Қарағандыға оралады. 1-қыркүйек күні Бесландағы №1 мектептің 4-сыныбына барған Заур көптеген лаңкестік құрбандарының біріне айналған. Қазір Н.Гутнова екі баласымен Қарағандыда тұрады. Үлкен ұлының өлімінен кейін қаржылық қиындықтарға байланысты әйел Осетияға бара алмаған.
Қаза тапқан баланың анасына қол ұшын беруді ұйғарған К.Мұхамеджанов «Трансаэро» әуе компаниясымен тікелей келіссөздер жүргізді. 13-қыркүйек, дүйсенбіде Натальяға Мәскеуге, одан әрі Владикавказға дейін және кері бағытта ұшатын рейстің билеті мен облыс әкімінің материалдық көмегі табыс етілді. Н.Гутнова 19-қыркүйекте Мәскеуге ұшады.