Мәлімдемеде атап көрсетілгеніндей, «тараптар екі жақты қарым-қатынасты достық және ынтымақтастық ауанында одан әрі нығайту, халықаралық және аймақтық ұйымдар шеңберіндегі ықпалдастықты тереңдету, сондай-ақ, екі ел арасындағы сауда-саттық, энергетика, минералды ресурстар, ғылым және технология салаларындағы тәжірибелік ықпалдастықты қазіргіден де жоғары деңгейге көтеру қажет деп пайымдайды». Тараптар «Азияда және жалпы дүниежүзінде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында күш біріктіруге» пәтуаласты.
Құжатта атап көрсетілгеніндей, «Қазақстан Корея Республикасының жалпы Корея түбегінде бейбітшілік пен гүлденуге бағытталған саясатына, Кореяның Солтүстік Кореяның ядролық проблемаларын диалог жолымен бейбіт жолмен реттеуге деген ұстанымына қолдау көрсетті».
Тараптар «тек үкіметаралық форматта ғана емес, сондай-ақ, азаматтар мен қоғамдық ұйымдар арасындағы өзара ынтымақтастыққа белсенді түрде түрткі болуға» ниет білдірді. Осыған байланысты тараптар мәдени ынтымақтастық жөніндегі бірлескен комиссияның отырысын жуырда өткізуге шешім қабылдады.
Кездесуге қатысушылар сондай-ақ «атом қуатын бейбіт мақсатта пайдалану туралы келісім мен ақпараттандыру және байланыс саласындағы ынтымақтастық туралы және басқа да екі жақты құжаттарға қол қойылуына қанағатанарлық баға беріп, екі ел үкіметтерінің келісуін күтіп жатқан халықаралық келісімдерге тез арада қол қою қажеттігін» атап өтті.
Қол қойылған мәлімдемеге сәйкес, Қазақстан мен Корея «кәсіпкерлер арасындағы алыс-беріс аясын кеңейтіп, оны дамытуға қолайлы жағдай жасауға құлықты. Екі жақ сол себепті сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен комиссияның отырысын тез арада өткізуге түрткі болуға келісті». «Қазақстан Республикасы корейлік компанияларының мұнай кеніштері мен минералды шикізат көздерін игеруге, оның ішінде Корея мұнай консорциумының Каспий теңізіндегі кеніштерді игеруге атсалысуын қолдайды. Және де осы салада инфрақұрылым қалыптастыруға, мұнайхимиялық кешендер құрылысын салуға, кемелер жасауға атсалысуын қалай отырып, Корея жағына осы бағытта тиісті қолдау көрсетуге пейіл білдіреді»,- делінген мәлімдемеде. Бұған қоса тараптар «мемлекеттер аумағына екі ел азаматтарының кіріп-шығуын жеңілдету үшін консулдық салада келісім-шартқа қол қою» мүмкіндіктерін қарастыруға ықылас білдірді.
Кездесуге қатысушылар екі жақты қарым-қатынасты дамытуға тың серпін берген Корея Республикасы президентінің Қазақстанға жасаған сапарының нәтижесіне жоғары баға берді, делінген мәлімдемеде.
Қазір Астанада екі ел президентінң жүзбе-жүз кездесуі мен кеңейтілген құрамдағы келіссөздері жүргізілуде.
19-қыркүйекте Корея Республикасының президенті Отан қорғаушылар ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысып, президенттің мәдени орталығы мен «Бәйтерек» кешенінде болды. Қазақстандағы корея диаспорасының өкілдерімен кездесті. Бүгін ол екі жақты құжаттарға қол қою рәсіміне қатысады деп күтілуде. Атом қуатын бейбіт мақсатта пайдалану туралы екі жақты келісімге қол қойылмақшы.
2004-жылдың алғашқы жартысында Қазақстан мен Корея арасындағы тауар айналымы 227 млн. долларды құрады. Бұл 2003-жылғы көрсеткіштен 44 процентке артық. Қазақстаннан шығарылатын экспорт көлемі 49 процентке артты.