Республикалық үш жақты комиссияның отырысына ҚР кәсіподақ ұйымдары федерациясы, Қазақстанның тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясы, ҚР жұмыс берушілері конфедерациясы мен Еуразиялық өнеркәсіп ассоциациясының жетекшілері қатысты.
Отырыс барысында елімізде өндірістер жанданып, экономикалық реформалар жүргізіліп жатқан қазіргі таңда еңбек қорғау проблемасы әлі де алаңдаушылық тудырып отырғаны атап өтілді. Осыған байланысты әлеуметтік әріптестік тараптары Республикалық үш жақты комиссияның жанынан еңбек қорғау жөніндегі мекемеаралық тұрақты жұмыс тобын құру мәселесін талқылады. Осындай жұмыс тобын құру жөніндегі шешім жобасын жасауға ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, кәсіподақтар федерациясы мен әділет министрліктеріне тапсырма берілді.
Отырыста сондай-ақ әлеуметтік әріптестік аясында маман дайындау және кәсіби білімді шыңдау мәселелері де пысықталды. Осыған байланысты тараптар әлеуметтік әріптестік жөніндегі үш жақты және комиссияларға өз отырыстарында өндіріс мамандарын аймақтар экономикасының нақты сұраныстарына сәйкес дайындау және кәсіби-техникалық білім беру саласының жай-күйі туралы тұрақты талқылап отыруға нұсқау берді.