ҚР бас прокуратурасы мемлекеттік мекемелерді тұтынушылар құқығын қорғау саласында заңдылықты сақтауға шұғыл шаралар қолдануға шақырды - kaz.caravan.kz
  • $ 515.02
  • 604.22
-3 °C
Алматы
2025 Жыл
22 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
ҚР бас прокуратурасы мемлекеттік мекемелерді тұтынушылар құқығын қорғау саласында заңдылықты сақтауға шұғыл шаралар қолдануға шақырды

ҚР бас прокуратурасы мемлекеттік мекемелерді тұтынушылар құқығын қорғау саласында заңдылықты сақтауға шұғыл шаралар қолдануға шақырды

ҚР бас прокуратурасы азаматтардың құқығын аяққа таптау көріністерімен күресуге тиіс мемлекеттік мекемелерді тұтынушылар құқығын қорғау саласында заңдылықты сақтауға шұғыл шаралар қолдануға шақырды. Бұл туралы бүгін, 22-қыркүйекте ҚР бас прокуратурасының алқа отырысында осы мекеменің әлеуметтік саладағы заңдылықты қадағалау бөлімінің бастығы Асылбек Әбдірайымов мәлімдеді.

  • 22 Қыркүйек 2004
  • 690
Фото - Caravan.kz

А.Әбдірайымовтың айтуынша, тексерулер қорытындысы Қазақстанда «азаматтар тұтынатын азық-түлік өнімдері мен дәрі-дәрмектердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету құқығын бұзу» оқиғалары жаппай кездесетінін көрсетіп берді. «Бұл саладағы заңдылықтың сақталу деңгейі аса төмен»,- деді ол.

Мәселен, прокуратураның мәліметі бойынша, еліміздің түрлі аймақтарында ауыз су, спиртті өнімдер, тәтті-кәмпит, нан-тоқаш және шұжық өнімдерін өндіретін 80-нен астам жасырын цехтар әшкереленді. «Еліміз бойынша таза сертификатталған азық-түлік өнімдерін бірыңғай сататын бірде-бір елді мекенді табу қиын»,- деді А.Әбдірайымов. Оның айтуынша, «сертификаттау туралы заңды бұзу оқиғалары жалпылама сипатқа көшті». Бұған қоса азық-түлік өнімдерін өндіретін көптеген нысандар ахуалы тазалық талаптарына сай келмейді. Мәселен, Тараздағы шұжық өндіретін 23 цехтың үшеуінде ғана тазалық жағдайы талапқа сай болып шыққан.
Дәрі-дәрмек өнімдерін сату жағдайы да прокуратураның алаңдаушылығын тудыруда. Республика аймақтарының бәрінде бірдей жасырын дәріханалар жұмыс істейді, дәрі-дәрмектерді заңсыз әкелу оқиғалары жиі әшкереленіп, сәйкестік сертификатынсыз препараттар сату көрінісі белең алды. Мұнымен шектелмей, сәйкестік сертификатын дәріні тексерместен беру дерегі де әшкереленген. Сондай-ақ, мерзімі өтіп кеткен дәрі-дәрмектер сату, дәріханалар тарапынан дәріні рецепт бойынша сату талабын ескермеу оқиғалары да жиі кездеседі. Дәрі-дәрмектерді сақтау режимін бұзу деректері де бар.
Тұтастай алғанда, прокуратура органдарының тексерулері қорытындысы бойынша заң бұзу көріністерін жою туралы 432 таныстыру жіберіліп, 26 шағым беріліп, 30 нұсқама жасалды. Заң бұзушылардың үстінен 1592 әкімшілік іс пен 18 қылмыстық іс қозғалды.
«Тексеру қорытындысы азаматтардың осы саладағы құқығын аяққа таптау көріністерімен күресуге тиіс мемлекеттік мекемелердің барлығы бірдей өздеріне жүктелген міндеттемелерді тиісті деңгейде орындай алмай отырғанын көрсетіп берді»,- деді А.Әбдірайымов.
Мәселен, ҚР Бас прокуратурасы ауылшаруашылығы министрлігінің мал дәрігерлік департаментін қатаң сынға алды. ҚР Бас прокуроры Рашид Түсіпбеков аталмыш мекеме басшысы Асылбек Қожамұратовқа «сапалы азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету жағдайын қадағалау — сіздің мекеменің міндеті емес пе» деп ескертті. Бас прокурордың пайымдауынша, бұл саладағы заң бұзушылыққа «арнайы қызметтердің өз міндетіне деген селқос ұстанымы» әсер етуде.
Ал ҚР денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары, мемлекеттік бас санитарлық дәрігер Анатолий Белоног: «республикадағы эпидемиологиялық жағдайды ауру түрлері бойынша шектелген деңгейде бірқалыпты ұстауға мүмкіндік бар» деп мәлімдеді.

Перейти к новостям спорта