Азия даму банкінің «Азиядағы 2004-жылғы даму перспективасы : жаңартылған нұсқа» атты баяндамасы осы мекеменің 2004-жылғы сәуірде шығарған «Азиядағы 2004-жылғы даму перспективасы» атты баяндамасын толықтыра түседі.
Толықтырылған баяндама болжамдарына сәйкес, Қазақстанда Жалпы ішкі өнімнің өсімі 2004- жылы 9,5%, 2005-жылы 9% болады. Ал 2003-жылы ол 9,2%-ті құраған болатын.
Толықтырылған баяндамаға сәйкес, 2004-жылы Жалпы ішкі өнімнің өсім перспективасы болжанған деңгейде қалып, 2005-жылы 9 процентке дейін төмендейді.
2004-жылдың соңғы айларында мұнайдың әлемдік бағасы арзандауы мүмкін, бұл құбылыс 2005-жылы да жалғасын табады. Әлемдік мұнай бағасының болжамы мен инфляцияны ауыздықтау мақсатында қаржылық саясатты қатайту ықтималдығы 2005-жылғы инфляция деңгейінің болжамын қайта қарауға мәжбүр еткен.
Баяндама бойынша, экономика саласын диверсификациялау нәтижесінде жұмыспен қамту деңгейі артады. Жоғары өндірістік дамуға байланысты кіріс деңгейінің артуы ел ішіндегі сұранысты қанағаттандырады.
Алғашқы баяндамадағы болжамға қарағанда, экспорт және импорт көлемі жоғары қарқынмен артады. Ол негізгі экспорттық тауарлардың 2004-2005-жылғы әлемдік бағасының жоғары болуына және мұнайгаз саласында ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуына байланысты болмақ.
Мұнай экспортынан түсетін кіріс мөлшерінің өсуі мен салық жинау жүйесінің жақсартылуы салық ставкаларының азаюына байланысты шығындардың орнын толтыратындықтан, Қазақстандағы фискалдық саясат тұрақты қалпында қалады деп күтілуде.
2004-жылғы бюджет тапшылығы Жалпы Ішкі өнімнің 0,5 процентін құрайды. Бұл баяндама сарапшыларының пікірінше, үкімет болжаған деңгейден 1,9 процентке артық болмақ.