Партияның тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбаевтың түсініктемесіне жүгінсек, президент әкімшілігі жетекшілерінің дауыс беру барысына араласқанына президенттің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевтың сұхбаттары дәлел. Онда кеңесші: «сайлау алдындағы процесстерді И.Тасмағамбетов басқаруда және сайлауда «Отан» партиясы жеңіске жетсе, бұл — тікелей президент әкімшілігі төрағасының сіңірген еңбегі болмақ» деп бірнеше мәрте атап көрсетті. Ал Ата заңға сәйкес, «ол сайлау процессіне араласуға тиіс емес»,- деді А.Сәрсенбаев.
Сондай-ақ, «Ақ жол» партиясының ақпаратына сәйкес, президент әкімшілігі жетекшісігің орынбасарлары сайлау комиссиясының өкілдеріне «қысым көрсеткен». Партия сондай-ақ, «әкімшілік жетекшісінің үш орынбасары тіпті 5 процент те дауыс жинай алмаған АИСТ блогын алға сүйрелегенінен хабардар»,- деді А.Сәрсенбаев.
Баспасөз мәслихатында «Ақ жол» партиясының жетекшілері партия мәжіліс сайлауының алдын-ала қорытындысын мойындамайтынын, оны қайта қарауды немесе, сайлауды қайтадан өткізуді талап ететінін тағы бір мәлімдеді. Партияның тең төрағасы Ораз Жандосовтың айтуынша, жарияланған қорытынды «нақты халық таңдауын паш ете алмайды», ол түгілі, «жарияланған қорытынды сайлау комиссияларының хаттамасы бойынша рәсімделген қорытындымен мүлдем қабыспайды». Партия жетекшілері өз қолдарында «көптеген заң бұзушылықтарды дәлелдеп беретін деректі және көрнекті материалдары бар екенін» атап көрсетті.
Осыған байланысты «Ақ жол» партиясы парламент депутаттарына «сайлау қорытындысы Ата заңға сай келмейтіндігін мойындау туралы Конституциялық кеңеске шағым түсіру жөнінде» ұсыныс жасады. Бұған қоса партия «азаматтардың конституциялық құқықтарын аяқасты еткені үшін» жауапты орган өкілдерінің, соның ішінде Орталық сайлау комиссиясының төрайымы мен мүшелерінің үстінен өз бетімен сотқа шағым түсірмекші. Сондай-ақ, «Ақ жол» партиясының жетекшілері «Қазақстан Ата заңы мен басқа да заңдарды өрескел бұзу деректері мен оның мән-жайын тексеру жөніндегі тәуелсіз қоғамдық комиссия құрылатынын» хабарлады. Партия сондай-ақ «сайлау қорытындысын шынайы емес деп тану туралы және мәжіліс сайлауын қайта өткізу туралы талап бойынша республика азаматтарының қолын жинауға жедел кіріспекші»,- деді О.Жандосов.
Партия жетекшілері президентті «ахуалға назар аударуға» тағы бір шақырып, «сайлау қорытындысын қуатсыз деп тануды» сұрады. Олай болмаған күнде «Ақ жол» «мемлекет басшысына сенім білдіру жөнінде референдум өткізуге бастама көтермекші»,- деді партияның тең төрағасы Болат Әбілов.