Қостанай облысында соңғы екі аптада ет және сүт өнімдерінің бағасы орта есеппен 20-23 процентке қымбаттаған. Нан-тоқаш өнімдерінің де қымбаттау мүмкіндігі бар. Өнім өндірушілер бағаның бұлайша шұғыл қымбаттауын маусымдық құбылыс деп түсіндіреді.
Облыс атқамінерлерінің кеңейтілген құрамдағы кеңесінде облыс әкімі Сергей Кулагин бағаның бұдан әрі қымбаттауына жол беруге болмайды деп мәлімдеп, тиісті шараларды қазірден бастап қолдануды тапсырды. «Тіпті қымбаттай қалған күннің өзінде басты тағам- нанның бағасына әсер етпеуі үшін бидай мен ұнды қазірден бастап сатып ала беру керек»,- деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, С.Кулагин Қостанай облысының рыногындағы импорт ауқымын азайту мақсатына жиналғандар назарын аударды. 2004-жылы облыс шетелдік азық-түлік өнімдерін сатып алуға 10 млн. доллар жұмсаған.
Облыстың ішкі рыногындағы импорт көлемінің жоғарлығына ықпал етіп отырған басты себеп — жергілікті кәсіпорындардың өз қуатының тіпті тең жартысын да пайдалана алмауы болмақ.
Әкімнің айтуынша, қазір билік өңдеу өнеркәсібі саласында 20-дан астам бағытты дамытуға қаржы көздерін қарастыруда.