«Бұл тетік біз жобалаған «Қазақстан Республикасындағы присяжный сот төрешілері туралы» заң жобасында қарастырылған. Жоба қазір үкіметтің қарауында жатыр»,- деді Қ.Мәми.
Оның айтуынша, аталмыш заң жобасына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар 25 жастан асқан, бұрындары сотталмаған, құқық қорғау немесе сот органдарында жұмыс істемейтін адамдардың тізімін жасауы тиіс. «Мұндай тізімдер облыстық соттарға, Астана және Алматы қалалық соттарға табыс етіледі деп күтілуде»,- дейді ҚР Жоғарғы сотының төрағасы.
Егер сотқа жауапқа тартылған адам өзіне қатысты іс присяжныйлардың қатысуымен қаралуын талап етсе, аталмыш тізімнен 25 адам кездейсоқ іріктеледі. «Бұдан әрі сотталушы мен оның адвокаттары себебін көрсетпей-ақ үш присяжныйдан бас тарта алады, ал прокурордың екі төрешіден бас тартуға құқығы бар. Қалған адамдардан 9 төреші іріктеліп, қосымша екі төреші запасқа таңдалады»,- деді Қ.Мәми. Оның айтуынша, қазір «присяжныйлардың санына қатысты түрлі пікірлер айтылып жүр, кейбірлеулер азайтуды, ал ендібір тобы олардың санын көбейтуді ұсынады».
ҚР Жоғарғы сот төрағасының айтуынша, заң жобасына қамтылған нормаға сәйкес, присяжный сот төрешілерінің сот тарапынан айыптау үкімін шығаруы үшін «қарапайым дауыс басымдығы болса» жетіп жатыр, өмірлік бас бостандығынан айыру жазасы үшін дауыстың үштен екі бөлігін жинауы, ал өлім жазасын барлығы бір дауыстан қолдауы қажет. «Егер істі қараушы сот төрешілері мен прияжныйлардың тым құрыса біреуі бұл шешімге қарсылық танытқан жағдайда онда өлім жазасы туралы үкім шығарылмайды»,- деді Қ.Мәми. Оның айтуынша, бірінші кезекте присяжныйлардың қатысуымен тек өлім жазасы немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған істер ғана қаралады.
Қ.Мәмидің хабарлауынша, «Қазақстан Республикасындағы присяжныйлар туралы» заң жобасы бойынша , олар сот процессіне қатысқан кезде негізгі жұмыс орнындағы жалақысы сақталып қалуы тиіс. «»Егер присяжный жұмыссыз адам болса, онда, заң бойынша оған сот мәжілісіне қатысу барысында облыстық сот судьясы жалақысының 70 проценті мөлшерінде жалақы белгіленеді»,- деді Қ.Мәми.