Қайғылы оқиға 25-қыркүйек, сенбі күні болған. Шақыру бойынша келіп жеткен шұғыл топ қала аудандарының біріндегі үйден кеудесі мен тамағынан бауыздалған 36 жастағы әйел мен оның әкесінің мәйітін тапты. Ал әйелдің күйеуі асулы тұрған күйде мал қорасынан табылды. Ауыр жараланған әйелдің анасы аурухананың реанимация бөліміне жатқызылды.
Алдын-ала тергеу барысында белгілі болғанындай, кешке қарай қонақтан келген отбасылық жұптың арасында кикілжің шыққан. Айқай-шуылдан әйелдің әке-шешесі де ұйқысынан оянады. Күйеу баласы олардың көзінше 4 баласының анасы, зайыбын бауыздап тастаған. Бұдан кейін атасын өлтіріп, қайын енесін ауыр жарақаттаған жігіт мал қораға барып буынып өлсе керек.
Полицияның болжамына сәйкес, қылмыстың шығуына қызғаныш немесе психологиялық стресс себепкер болғанға ұқсайды. Белгілі болғанындай, отбасы жеміс-жидек және көкөніс саудасымен айналысқан. Алайда, саудасы алға баспаған отбасы алған несиенің орнына басындағы үйін беріп, әйелдің ата-анасының қолына барып кірген көрінеді.