ҚР Еңбек кодексіндегі еңбек қатынастарын жетілдіруге бағытталған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция осындай қарым-қатынастарды реттейтін нормаларды халықаралық стандарттарға сәйкестендіру үшін өткізілді. Министрліктің баспасөз қызметінен хабарлағанындай, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысушылар бірқатар ескертулер мен ұсыныстар енгізе отырып тұтастай алғанда Еңбек кодексінің жобасын мақұлдады.
Еңбек кодексінің жобасында еңбек бостандығы, іс-қызмет түрі мен мамандықты еркін таңдау жөніндегі конституциялық кепілдіктер дәйектелген. Сондай-ақ, мәжбүрлі еңбекке тыйым салу жөніндегі принциптер, қызметкерлердің қауіпсіздігі мен тазылық талаптарына сәйкесетін еңбек ету жағдайын қамтамасыз ету құқығы мен қандайбір алалаусыз еңбекақы алу құқықтары нығайтылған.
Қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу және нормалауға қосымша әлеуметтік кепілдіктер енгізіліп, олардың мамандық жетілдіру және кәсіби деңгейін шыңдау құқықтары мен мемлекет тарапынан кепілдік беру, жұмыс берушінің қызметкерді еңбекке жегу міндеттемелері анықталған.
Еңбек кодексінде бірқатар жаңалықтар да бар. Мәселен, еңбек шартының мазмұны жұмыстың орындалатын орны мен шартқа қол қою мерзімі тәрізді міндетті шарттармен толықтырылған. Еңбек шартына тараптардың келісімі негізінде тараптарды сынап көру, бәсекелеспеу, бірнеше қызметті қоса атқару, қызметкерді аттестациялау, оқуға демалыс беру, мамандық жетілдіру тәрізді шарттар қосымша енгізілуге болады. Ондағы тағы бір жаңалық, жұмыс беруші тарапынан жалақыны келісім-шарт, ұжымдық шарт, еңбек шарты және (немесе) жұмыс берушінің актісінде көрсетілген тәртіп бойынша ұйымның қаржылық-экономикалық іс-қызмет нәтижелері мен тиісті құқықтық-нормативтік актілермен сол мерзімде анықталған инфляция деңгейін ескеру негізінде жалақыны индексациялау шарты болмақ.
Конференцияға парламент депутаттары, Халықаралық еңбек ұйымының сарапшылары, РФ,Украина және Беларусь ғалымдары, отандық ғалымдар, заңгерлер мен экономистер, кәсіподақ ұйымдары мен жұмыс берушілер өкілдері, министрліктер мен мекемелердің жауапты қызметкерлері қатысты.