Дәрігерлердің айтуынша, диспансерде емделушілер қатарында жастар мен жасөспірімдер санының артуы осындай тексеруді қолға алуға түрткі болып отыр.
Тұтастай алғанда дәрігерлер облыс бойынша соңғы 5 жылда соз ауруларының көрсеткіші азая түскенін айтады. Биыл мерезбен ауырғандар саны 2003-жылғымен салыстырғанда 100 адамға кем. Облыс бойынша осындай ауруға қатысты 500 оқиға анықталған, олардың 135-і Қостанайдың үлесінде. Соз ауруларының санына қарай облыс орталығы Рудный мен Лисаковскден кейінгі үшінші орында тұр. Аталмыш ауру түрлері бойынша аудандардан Жітіқара және Алтынсарин аудандары алда келеді.
Облыстық тері және соз аурулары диспансерінің бас дәрігері Валентин Якимовтың айтуынша, жүкті әйелдер арасындағы соз ауруларының көрсеткіші азайды. Егер былтыр осындай ауруға шалдыққандар саны облыс бойынша 20 болса, биыл ондай әйелдер саны 12-ні құрап, 40 процентке кеміді. Әйелдер перзентханада түрлі зерттеулер мен дәрігерлік байқаудан тегін өтеді. Бұл мақсатқа мемлекеттік бюджеттен 80 млн. теңге бөлінген.
Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, соз ауруларына шалдыққандардың үштен бір бөлігінен астамы 15-23 жас аралығындағылар. Сол себепті ахуалды бақылаудан шығарып алмау үшін венеролог дәрігерлер оқу орындарына барып, студенттер мен оқушыларды сол жерде тексермекші. Оқу орындарының тізімі дәрігерлерге берілді.