Елбасының алдында ант бергендер арасында президент әкімшілігі басшысының орынбасары- кадр саясаты мен ұйымдастыру-бақылау басқармасының бастығы Нұрлан Нығматуллин, президент әкімшілігі басшысының орынбасары-экономикалық саясат басқармасының бастығы Ербол Орынбаев, ауыл шаруашылық министрі Серік Үмбетов, қаржы министрі Арман Дунаев, мәдениет, ақпарат және спорт министрі Есетжан Қосубаев, төтенше жағдайлар жөніндегі министр Мұхамбет Көпей, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрғали Әшімов, Жамбыл облысының әкімі Бөрібай Жексембин, Қызылорда облысының әкімі Икрам Адырбеков, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Тайыр Мансұров бар.
«Сіздер осынау жоғары лауазымды қызметке алғаш рет кіріскелі отырсыздар және қоғам дамуының тарихи маңызды кезеңінде жұмысқа жегілдіңіздер»,- деді Н.Назарбаев.
Ол қазіргі таңда елімізде индустриялық-инновациялық даму, тұрғын үй құрылысы және «Мәдени мұра» сынды маңызды мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып жатқанын еске салды. Мемлекет басшысы ант берген жоғары лауазымды шенеуніктерге алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.