Әзербайжанда Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырының Әзербайжандық және Грузиялық бөліктерін өзара жалғастыратын "алтын құбырды дәнекерлеу" рәсімі өтті - kaz.caravan.kz
  • $ 517.66
  • 606.49
-8 °C
Алматы
2025 Жыл
22 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Әзербайжанда Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырының Әзербайжандық және Грузиялық бөліктерін өзара жалғастыратын "алтын құбырды дәнекерлеу" рәсімі өтті

Әзербайжанда Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырының Әзербайжандық және Грузиялық бөліктерін өзара жалғастыратын "алтын құбырды дәнекерлеу" рәсімі өтті

Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырын тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Әзербайжан, Грузия және Түркия елдерінің үшеуінің де аумағында құрылыс дәліздері іске қосылды. Тұтастай алғанда құбырлардың 97 проценті дәнекерленіп, құбырлардың 70 проценті көмілді. Қазіргі жағдаймен үш елден жобаға 21 мың адам жұмылдырылып отыр. Бұл туралы 16-қазан, сенбіде Әзербайжанның Агстафин ауданындағы Беюк Кесик ауылы аумағында Әзербайжан-Грузин шекарасында өткен Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырының Әзербайжандық және Грузиялық бөліктерін өзара жалғастыратын "алтын құбырды дәнекерлеу" рәсімінде айтылды. Шараға екі ел президенті Ильхам Әлиев пен Михаил Саакашвили қатысты,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі Бакуден.

  • 18 Қазан 2004
  • 502
Фото - Caravan.kz

«Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырын тарту — Әзербайжан үшін де, Грузия үшін де, жалпы бүкіл аймақ үшін де аса маңызды. Бұл жоба аймақтық ынтымақтастық жалпы қалай жүзеге асырылуы тиіс екендігінен дүниежүзіне үлгі бола білді»,- деді өз сөзінде И.Әлиев.

Әзербайжан президентінің айтуынша, жобаға халықаралық қаржылық институттар тарапынан қолдау көрсетілуі «халықаралық аймақтық ынтымақтастықтың көмегімен де көп нәрсені шешуге болатынына көз жеткізді». Ол сондай ақ: «Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырын тарту жобасы бойынша әлі де тындырылатын істер аз емес. Атап айтсақ, құбыр тартылып біткеннен кейін оның қауіпсіздігі мен қалыпты жұмыс істеуіне жағдай жасау мақсаты күн тәртібіне қойылады» деп атап көрсетті.
И.Әлиев осы орайда Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырын тарту жобасына АҚШ тарапынан көрсетілген қолдауды атап өтті. «Бұл істе АҚШ-тың қолдауынсыз осының бәрін жүзеге асыру қиынға түсер еді. Біз бұл қолдауды әуел бастан-ақ сезіндік, әлі де сезініп отырмыз. Егер бұл мәселе бойынша АҚШ үкіметі бір жақты ұстанымын паш етпесе, біздің бүкіл әрекеттеріміз тығырыққа тірелер еді»,- деді Әзербайжан президенті.
«Мұнай құбырын тартуға кедергі келтіріп бағуға тырысқан жекелеген күштердің талпыныстарына қарамастан, Әзербайжан мен Грузия арасындағы бекем әріптестік бұл тосқауылды тойтара білді»,- деді өз сөзінде Грузия президенті Михаил Саакашвили. «Грузияның бұрынғы басшылығымен салыстырғанда өз басым Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбыры ел ішіндегі бүкіл тауқыметті түбірімен жояды деген жалған нанымнан аулақпын. Дегенмен, ол көптеген проблемаларды шешуге арқау болады дегенге сенім зор»,- деді Грузия президенті.
«Баку-Тбилиси-Жейхан тек қана техникалық жоба болып табылмайды. Ол сондай-ақ өзара саяси пәтуаластық пен сауда-саттық байланыстардың жандануын меңзейді. Жоба Еуразия кеңістігінде ауқымды энергетикалық саясатты жүзеге асыруға ықпал етпек. Бұл — әлемдік деңгейдегі ынтымақтастың үлгісі. Сонымен бірге бұл жоба халықаралық деңгейдегі қоршаған ортаны қорғау технологиясының кескін-келбетін айқындап береді»,- деді АҚШ мемлекеттік департаментінің Каспий бассейніндегі энергетикалық дипломатия жөніндегі кеңесшісі, елші Стивен Манн.
Әзербайжан мемлекеттік мұнай компаниясының президенті Натик Әлиев өз кезегінде Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбыры «Каспий теңізін Жерорта теңізімен байланыстыруға және Каспийдің энергетикалық қорын әлемдік нарыққа шығаруға мүмкіндік береді» деп атап өтті.
Баку-Тбилиси-Жейхан негізгі экспорттық мұнай құбырының жалпы ұзындығы 1767 шақырымды құраса, оның 443 шақырымы -Әзербайжан, 248 шақырымы Грузия, 1076 шақырымы Түркия арқылы өтеді. Құбырдың өткізгіштің қабілеті жылына 50 млн. тоннаны құрайды.
Баку-Тбилиси-Жейхан бағытындағы мұнай құбыры жобасына қатысушы компаниялар мен олардың үлесі мынадай : BP — 30,1%, ГНКАР — 25%, Unocal — 8,90%, Statoil — 8,71%, TPAO — 6,53%, ENI — 5%, Itochu — 3,40%, ConocoPhillips — 2,50%, INPEX — 2,5%, TotalFinaElf — 5% және Amerada Hess — 2,36%.

Перейти к новостям спорта