ҚР төтенше жағдайлар жөніндегі Агенттігін министрлікке айналдыру — президенттің даналық шешімдерінің бірі. Меніңше, ендігі жерде әскерилерді жұмысқа тарту арқылы бұл министрліктің деңгейін көтеру қажет»,- деді қорғаныс министрі.
Оның пікірінше, төтенше жағдайлар пайда болған сәттерде және оның зардабын жою жұмыстарында азаматтық мамандық иелерімен салыстырғанда әскерилер мейлінше кәсіби және жинақы қимылдайды. «Әскерилер — артықша ұйымшылдықпен қимылдайды және артықша тындырымды. Төтенше жағдайда әскери басшылық шұғыл әрі стратегиялық тұрғыда дұрыс шешім қабылдай алады. Ал бағыныштылары өз кезегінде берген бұйрықтың оң- терісін талқылап жатпай-ақ бірден орындауға кіріседі, төтенше жағдайда мұндай жинақы әрекеттің маңызы зор»,- деп пайымдайды армия генералы.
ҚР қорғаныс министрі төтенше жағдайларда шұғыл қимылға көшудің озық үлгісі ретінде Ресейдің төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігін атады. Бұл мекемеде жетекші лауазымдарда бұрынғы әскерилер отыр. «Шойгу басқаратын министрлікте негізінен бұрынғы әскери қолбасшылар жұмыс істейді. Облыстық бөлімшелерді де генералдар басқарады. Егер назар аударған болсаңыздар, кез-келген төтенше жағдайда олар санаулы секундтарда тас-түйін дайын тұрады»,- деді ол.
М.Алтынбаевтың айтуынша, республиканың қарулы күштерінде шамалы маман артықшылығы байқалады. Осындай мамандар ҚР төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігінде еңбек ете алар еді. «Менің пайымдауымша, біздің кейбір генералдар аталмыш мекемеде жұмыс істей алады. Сол себепті біз ҚР төтенше жағдайлар жөніндегі министріне кәсіби мамандар тұрғысынан өз көмегімізді ұсына аламыз»,- деді қорғаныс министрі.