«2002-жылғы жағдаймен 110 мың адамды жұмыспен қамтамасыз еткен балық шаруашылығы секторы кірісі, экономикалық өсімі, жұмыс орындары, ауылшаруашылығы экспорты мен биологиялық түр тұғысынан алып қарағанда айрықша маңызды сала»,- дейді Әлемдік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Лу Брефор.
Алайда, зерттеушілердің пікірінше, мемлекет назар аударып, мақсатты инвестициялар жұмсаған жағдайда ғана саланың әлеуеті нақты жүзеге асырылады.
Баяндама авторлары Қазастанда балық аулау көлемі азая түсті деген ресми жорамалды жоққа шығарады. Мәселен, егер ресми сан-деректерді сөйлетер болсақ, балық аулау көлемі 1990-жылғы 68 мың тоннадан 2000-жылы 36,7 мың тоннаға дейін азайған. Ал сарапшы топтың бағалауынша, 2002-жылы нақты ауланған балық көрсеткіші 121 мың тоннадан асып жығылады. Демек, балық аулау көрсеткіштерінің басым бөлігі тіркелмей қалуда. Содай-ақ, баяндамада бағалы балық түрлерінің саны азайып келе жатқаны, ал бағалылығы төмен балықтар популяциясының керісінше молая түскені айтылған.
Ал тұтынушылар сұранысына келсек, үй шаруашылықтарына жүргізілген тексеру қорытындысы тұрғындардың ресми мәліметтердегіден артық мөлшерде балық тұтына бастағанын көрсетіп берді. Ресми сан бойынша, жылына бір адам 3,5 кило балық тұтынса, нақты көрсеткіш 8,6 кило болып шықты. Бұл сан алдағы уақытта бір адамға шаққанда жылына 17 килоға дейін өседі деп күтілуде.
Бірлескен экономиклық зерттеулер бағдарламасына қатысушылар Түркия мен Албания тәжірибесі, сондай-ақ, балық шаруашылығы жоғары деңгейде дамыған Норвегия, Ұлыбритания тәрізді елдерде қолданылатын технологиялар туралы ақпараттар Қазақстанның балық шаруашылығы саласының тұрақты дамуына түрткі болып, ел экономикасының өсіміне өзіндік үлесін қосады деген үмітте.
Баяндама авторлары біржола құрып ету қаупі төніп тұрған балық түрлерін сақтап қалу проблемасын да қарады. Атап айтсақ, бекіре тұқымдас балықтар санын молайту үшін балық питомниктеріндегі ахуалды жақсарту ұсынылып отыр. Сұраныс көлемінің барған сайын арта түскеніне қарамастан, басқа балық түрлерінің саны да азая түсуде. Сарапшылардың пайымдауынша, Қазақстан үшін балық санын арттырудың баламалы әрі бәсекелі көздерін ойлап табу қажет. Бұл технологияларға жұмсалатын инвестиция көлемін арттыруды талап етеді.