ҚР экономика және бюджетті жоспарлау министрі Қайрат Келімбетовтың журналистерге берген түсініктемесіне сәйкес, еліміздің Конституциялық үш заңына, атап айтсақ, «Республикалық референдум туралы», «ҚР үкіметі туралы», «ҚР конституциялық кеңесі туралы» заңдарға өзгеріс енгізіледі. «Өзгерістердің басты мәні — «басқа функциялар» және «басқа құзыреттер» деген ұғымдарды алып тастауға саяды. Тағы бір өзгеріске келсек, бюджеттік арақатынастарға қатысы бар бүкіл қарым-қатынастар алып тасталды. Өйткені, олар Бюджеттік кодекске енгізілген»,- деді Қ.Келімбетов.
Заң жобасы бойынша парламенттік баяндамашы, мәжіліс депутаты Виктор Веснин отырыста сөйлеген сөзінде бұл заң жобасы мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы құзырет аясын ажырату және бюджеттік қарым-қатынастарды жетілдіру тұжырымдамасының «логикалық жалғасы» екенін хабарлады. «Заң жобасы қазір жүзеге асырылып жатқан әкімшілік-бюджеттік реформалар аясында мемлекеттік аппараттың барлық буындары арасында міндеттер бөлісу және бюджетаралық қарым-қатынастарды жетілдіру үшін жасалған»,- деді В.Веснин.
Заң жобасы парламент палаталарының бірлескен отырысында 2004-жылғы қараша айының басында екінші оқылымда қаралады деп күтілуде.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, заң жобасы қазір жүзеге асырылып жатқан әкімшілік-бюджеттік реформалар аясында мемлекеттік аппараттың барлық буындары арасында міндеттер бөлісу және бюджетаралық қарым-қатынастарды жетілдіру үшін жасалған. Заң 2005-жылдың 1-қаңтарында күшіне енеді деп күтілуде.