«Қазір әлеуметтік төлемдердің барлығы да айлық есептік көрсеткіш негізінде есептеледі, ал ол тиісті әлеуметтік деңгейге сай келмейді»,- деді мемлекет басшысы. Осыған байланысты оның пайымдауынша, еліміздегі барлық әлеуметтік төлемдерді күнкөріс минимумының негізгі әлеуметтік индикаторы негізінде есептеу қажет. Бұл ретте күнкөріс минимумын есептеу әдістемесін де «жетілдіру қажет» деді Н.Назарбаев. «Бұл ең төменгі тұтынымды қамтамасыз етуге мемлекеттік кепілдікті жүзеге асыруға және зейнетақы төлемдерінң өсімін алғашқы кезеңнің өзінде орта есеппен 20 процентке өсіруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді»,- деді мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Елбасы 2006-жылдан бастап «барлық зейнеткерлерге еңбек өтіліне, жалақысына және зейнетақы мөлшеріне қарамастан қазіргінің үстіне қосымша базалық зейнетақы атты ай сайынғы төлемдерді қосу қажет». Елбасының айтуынша, оның мөлшері «күнкөріс минимумының 20 процентін құрауы», басқаша айтқанда, шамамен 1,5 мың теңге болуы тиіс. «Кейін біз оның мөлшерін күнкөріс минимумының 75 процентіне жеткізуге тиіспіз»,- деді Н.Назарбаев.
Сондай-ақ, Елбасы 2006-жылдан бастап 18 жасқа дейінгі балалар мен әлеуметтік жағынан аз қорғалған отбасыларды «атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан шығарып», ай сайынғы жәрдемақы тағайындауды ұсынады.
Сондай-ақ, президент 2006-жылдан бастап төрттен көп баласы бар, 1 және 2-дәрежелі «Ана даңқы» төс белгісімен марапатталған аналарға төленетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы мөлшерін екі еседен асыра қосуды ұсынады. 2007-жылы 1 жасқа дейінгі баланың бағым-күтіміне арналған мемлекеттік жәрдемақы енгізу қажет.
Бұған қоса Елбасы «алдағы жылы барлық тыл еңбеккерлеріне бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алу құқығын қарастыру қажет» деп санайды.