Министрліктің болжамына сәйкес, 2004-жылдың аяғына дейін жылдық орташа инфляция деңгейі 6,9 проценттен аспайды (2003-жылы 6,4 процентті құраған). Жыл соңына дейін халықтың нақты кірісі 7,5 процентке артады (2003-жылы өсім 8,5 процент), жұмыссыздық көрсеткіші 7,7 процент болады (2003-жылы 8,8 процент).
Қ.Келімбетовтың айтуынша, биылғы жылдың 9 айында жұмыссыздық деңгейі қаңтар айындағы 9,1 проценттен қыркүйекте 7,9 процентке дейін кеміді. Есепті мерзімде жылдық орташа инфляция деңгейі 6,8 процентті құрап, «5,6-7 процент көлемінде белгіленген дәліз шеңберінен шыққан жоқ»,- деді министр.
Өнеркәсіп өнімін өндірушілердің жылдық орташа баға индексі 2004-жылдың 9 айында 13,6 процентке өсті. «Өнеркәсіп саласында бағаның өсуіне мұнай және түсті металлға жоғары баға қалыптасу факторы түрткі болып отыр. Бұл көрсеткіш теңгенің айырбас бағамының нақты нығаюы арқасында біраз кеміді»,- деді ол.
Сондай-ақ, Қ.Келімбетовтың хабарлауынша, экономика министрлігінің бағалауы бойынша Жалпы ішкі өнім мөлшері 2008-жыл қорытындысы бойынша екі еселенеді, «демек, жоспардағыдан екі жыл бұрын бұл көрсеткішке қол жеткізілмек».