Атап айтсақ, Б.Исаевтың пікірінше, «жергілікті жерлерде нақты басқару тетіктері қалыптаспаған және қалалық және аудандық бюджеттердің басым бөлігі субвенциялық қалпында қалып отыр». Оның айтуынша, 2004-жылы тек облыстық бюджеттердің өзі 95 млрд. теңге мөлшерінде субвенция алған. «Егер қаланың немесе ауданның салық базасы ауқымды болмаса, онда әкім өз бетімен дербес бюджет қалыптастыра алмайды»,- деді Б.Исаев. Оның пікірінше, «бұл мәселеге прагматикалық тұрғыдан қарау қажет. Ал асығыс әрекеттер мемлекетті үлкен шығындарға душар етуі мүмкін».
Сенаторлардың сауалдарына жауап берген Б.Исаев ауыл әкімдері жуық арада бюджеттік бағдарламалардың толыққанды администраторларына айнала алады дегенге күмән келтірді. «Жергілікті жерлерде тіпті мұғалімдер жетіспей жатқанда, таңдаулы немесе ортаңқол қаржыгер ауылға бюджетке администраторлық жасауға қайдан барсын»,- деді ол.