Ұлының денсаулығына қатысты өз өкінішімен актриса "Мамский әңгіме" бағдарламасына берген сұхбатта бөлісті, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
"Тұрмысқа шыққан соң көп ұзамай ұлды болдым. Жүктілік те жақсы болды. Бірақ, жүктілікке дайындалмадым. Бізде, қазақтарда бірінен кейін бірін туып ал, өсіп кетеді деп айтады ғой, бірақ олай өспейді, қиын болады. Сөздің ашығы, қыздар қанша жаста тұрмысқа шықса да жүктілікке қалай дайындалу керек екенін білмейді. Менің де ізденбегенім ақымақтығым. Мысалы, қазір менің балама ЗПРР қойып берді. Мен оған да Аллаға шүкір дедім. Балам туылғаннан кейін 6-7 айынан бастап күйеуіме мен бір орында тұрып қалдым, жұмыс істеуім керек, бала күтуші жалдайық дедім. Бірақ, балаға анадан артық ешкім бола алмайды. Сол уақытты мен жоғалтып алдым. Қазір маған ештеңе керек емес", — дейді актриса.
Блогер-актриса баласындағы диагнозға өзін кінәлайтынын да жасырмады.
"Жүкті кезімде уақытылы дәрігерге барған жоқпын. Балам туылғаннан кейін де бірден жыламады. Кейін балама телефонды көп бердік. Қыздарға айтарым, телефонды көп бере бермеңіздерші, және жүкті кезде өзіңді күт. Аяғың ауыр кезде енең, күйеуің, қайын әпкелерің сөйлеп жатса, қыстырма, балаңды ойла. Өйткені, сол депрессиядан ауру бала туылады. Ал, ол — сенің сорың. Сенің ғана сорың емес, ақшаңның да соры. Ал, ол ақшаны отбасылардың 20% тауып бере алмайды. Екінші қызым ауырып біраз күн ауруханада жатып, ұлымнан алыстап қалдым. Ол сол кезде стресс алды деп ойлаймын", — дейді ол.