Бағдарламаны таныстырған Transparency Kazakhstan құқық қорғау ұйымының атқарушы директоры Сергей Злотниковтың айтуынша, бұл бағдарлама жемқорлықты түп-тамырымен жоюға дайын рецепт бермегенімен, студенттерге «жемқорлыққа жүйе ретінде» жеке көзқарас қалыптастыруды, осынау қылмыс түрінің қайнар көзін бағамдау және оның себеп-салдарына үңілу үшін бұл жүйенің мемлекеттік мекемелер мен қоғамда жұмыс істеу тетіктерін ұғынуды ұсынады.
С.Злотниковтың пікірінше, жаңа оқыту бағдарламасының маңызы аймақтағы лаңкестік қаупінің арта түсуімен айқындалады. «Жемқорлық лаңкестікпен тамырлас, өйткені, жемқорлық жайлаған ортада қылмысты жасау да, оны жасырып қалу да жеңіл»,- дейді ол. «Лаңкес жол полициясының инспекторына 200 теңге төлеп қана зеңбірегін одан әрі әкете береді»,- деді бейресми ұйым директоры.
С.Злотниковтың пікірінше, мұндай жағдайдың қалыптасуына мемлекеттік мекемелерді азаматтық қоғамның бақылай алмауы мен жабықтығы әсер етуде. Сонымен бірге оның пікірінше Қазақстанда әдетте биліктің атқарушы тармағы басымдыққа ие болса, мәжіліс және мәслихат секілді өкілетті билік тармағының ролі төмен. Сот билігі де әдетте мемлекеттің мүддесін қорғайды, ал шын мәнінде соттар бейтарап арбитрлер ролін атқаруы тиіс, дейді С.Злотников.
Бағдарламада сонымен бірге «ұлттық сатылмаушылық жүйесі» атты жаңа ұғым қолданысқа енгізіледі. Бағдарламаға сәйкес бұл жемқорлықты институт ретінде жоюға бағытталған шаралар жүйесі болып табылады. Бұл жүйені жүзеге асыру үшін «бірінші кезекте екі элемент, атап айтсақ, ел басшылығының саяси ерік-жігері мен азаматтардың мемлекет ісіне», соның ішінде, саяси партиялардың іс-қызметі мен табиғи ресурстарды пайдалану тәрізді маңызды салалардағы ісіне араласа алу мүмкіндігі қажет.
Transparency Kazakhstan құқық қорғау ұйымының ақпаратына сәйкес, бұл бағдарлама 2005-2006 оқу жылында республиканың 25 жоғары оқу орнында дәріс түрінде енгізіледі.