Д.Шарптың айтуынша, сапарының басты мақсаты — Британия бизнесінің Маңғыстау облысындағы даму барысымен танысу және оны қолдау болып табылады. Өйткені, аймақ экономикасының қарқынды өсуіне байланысты көптеген Британиялық компаниялар мен кәсіпкерлер осы өңірде жеке бизнесін ашуға ниет білдіруде.
Сапар барысында облыс әкімінің орынбасары Михаил Бортникпен және облыстық экономика, өнеркәсіп және сауда басқармасының бастығы Әділбек Көшеровпен кездесулер өтіп, олар елшіге облыс экономикасының даму барысы, соның ішінде мұнайгаз саласының дамуы туралы таныстырды. Бұл салада жыл басынан бері 15 млн. тонна мұнай өндірілген, ол өткен жылғы осы мерзіммен салыстырғанда 3 млн. тоннаға артық. М.Бортник елшіге облыс әкімі Болат Палымбетовтың жуырда Абердинге жасаған сапары барысында Маңғыстау облысындағы мұнай өнеркәсібіне арнап маман дайындау саласында бүгінде дүниежүзі бойынша ең ірі мектептердің біріне саналатын Абердин бұрғылау мектебімен өзара ынтымақтастық орнату туралы шешім қабылданғанын ескерте кетті.
Кездесуде сондай-ақ Ақтау және Баутино теңіз айлақтарын дамыту мәселесі де талқыланды. М.Бортник Қазақстан үкіметі тарапынан Ақтау теңіз айлағын кеңейту туралы шешім қабылданғанын елшіге хабарлады.
Елші Ш.Есенов атындағы мемлекеттік университетте де болып, онда оқытушылар ұжымымен кездесті.
Бұл Д.Шарптың Маңғыстау облысына осымен үшінші сапары. Елші сол күні Ақтаудан аттанып кетті.