Ұлттық шкала бойынша берілген Қазақстанның рейтингі еліміздің қаржы рыногында жұмыс істейтін басқа эмитенттермен салыстырғанда республиканың несиелік қабілеттілігін паш етеді.
«Қазақстанға берілген «kzААА» несиелік рейтингі — республиканың қаржылық рыногына қызмет көрсету үшін құрылған осынау жаңа шкала бойынша ең жоғары рейтинг болып табылады»,- деді Standard & Poors халықаралық рейтинг агенттігінің ТМД елдеріндегі несиелік талдау мәселелері бойынша басқарушы директоры Роберт Ричардс Алматыда өткен баспасөз мәслихатында.
Агенттік сарапшыларының айтуынша, халықаралық шкала бойынша Қазақстанға бұған дейін бірілген (шетелдік валютадағы міндеттемелер бойынша ВВВ-/Тұрақты/А-3 және ұлттық валютадағы міндеттемелер бойынша ВВВ/Тұрақты/А-3) рейтингілер таза активтердің Жалпы Ішкі Өнімге шаққандағы жоғары қатынас деңгейімен сақталып отыр. Бұл көрсеткіш 2004-жылдың аяғында 3,8 процентті құрайды. Сондай-ақ, оған салиқалы ақша және салық-бюджет саясаты да өзіндік септігін тигізуде.
«Ішкі және сыртқы инвестиция көлемі, өнеркәсіп өнімі мөлшерінің , сондай-ақ, мұнайгаз саласы өнімдерін экспорттау мөлшерінің барған сайын арта түсуі нәтижесінде Қазақстан алдағы уақытта да (мұнай бағасы арзандаған жағдайдың өзінде) экономикалық өсімге қол жеткізіп, шамалы бюджет тапшылығы байқалатын болады»,- дейді Standard & Poors сарапшылары.
Несиелік рейтингтің ұлттық шкаласын жасауда пайдаланылатын салыстырмалық негіздердің айырмашылығына қарамастан, талдау әдістемесі халықаралық шкаламен шын мәнісінде бірдей (тек ұлттық валютаны конвертациялауға байланысты тәуекел ескерілмейтіні мен басқа да елдік тәуекелдер болмаса),- дейді сарапшылар.