С.Әбдірахмановтың айтуынша, «кеше Алматыда қарапайым жарылғыш зат жарылған». «Олардың ішінде шегелер мен жарықшақ материалдар жоқ, көп адамды құрбан етуге бағытталмаған, ашық лаңкестік сипаттағы жарылыстар емес»,- деді ол. «Бұл — әлдебір астыртын сипаттағы бұзақылық әрекет деп білемін»,- деді С.Әбдірахманов.
Депутаттың айтуынша, құқық қорғау мекемелері де бұл оқиғаны бұзақылық ретінде бағалап отыр. Ол сондай-ақ, «халық үшін төтенше қауіпке, қорқынышқа негіз жоқ» деп атап көрсетті.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 28-қараша, жексенбіде, Алматы қаласының орталығында кешкі 18 сағат 40 минутта Абылай хан көшесінің бойында (Әйтеке би көшесімен қиылысқан жерде) «Отан» партиясының Алматы қалалық филиалының ғимаратында араға 2-5 минут салып екі күшті жарылыс шықты.
Жарылыс демалыс күні шығуға байланысты «Отан» партиясының ғимаратында ешкім болмаған, зардап шеккендер жоқ. Дегенмен, жарылыстар салдарынан сол жерден өтіп бара жатқан кездейсоқ жүргінші, 1984-жылы туған Ж.Станбеков басы мен аяғына жарықшақ тиіп, жеңіл жарақат алды.
ҚР төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігінің мәліметі бойынша, жарылғыш заттар ғимараттың оңтүстік жағындағы телефон желісінің қалқанында және ғимараттың бірінші қабатының терезесі алдында орнатылған екен.
Ғимарат конструкциялары бүлінген жоқ.