Палата отырысында заң жобасы туралы түсініктеме берген ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлжан Қарағұсованың айтуынша, бұл заң жобасында 2005-жылдың 1-қаңтарынан бастап Ұлы отан соғысының ардагерлері мен мүгедектерге берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы көлемін 15 айлық есептік көрсеткішке дейін арттыру қарастырылған.
Мәселен, бірінші топтағы мүгедектердің жәрдемақысы 3 айлық есептік көрсеткішке, екінші топтағы мүгедектердің жәрдемақысы 2,5 айлық есептік көрсеткішке, үшінші топтағы мүгедектердің жәрдемақысы 2 айлық есептік көрсеткішке артады. Мүгедек балаларға арналған жәрдемақы көлемі 3 айлық есептік көрсеткішке, асыраушысынан айрылуға байланысты төленетін жәрдемақы мөлшері 0,5-1 айлық есептік көрсеткішке арттыру көзделген. Г.Қарағұсованың айтуынша, бұл мақсатқа 2005-жылғы республикалық бюджетте 15,9 млрд. теңге қарастырылған.
Сондай-ақ, заң жобасында тыл еңбеккерлеріне ай сайын 1 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жәрдемақы тағайындау көзделген. Бұл мақсатқа келесі жылғы бюджеттен 1,5 млрд. теңге бөлінеді.
Заң жобасы сенаттың талқысына ұсынылды.