«Бұл тек электр қуатының тапшылығы тауқыметін шешіп қана қоймай, тұрақты қуат көзіне айналып, энергетика саласындағы маңызды тұрақтылық факторына саналады»,- деді Д.Ахметов. «Бұл — үкіметтің алдында тұрған айрықша маңызды әрі нақты мақсаттардың бірі»,- деді үкімет басшысы.
Мойнақ су электр станциясының құрылысын қайтадан жандандыру қажеттігін су мамандары да, жергілікті билік өкілдері де мойындап отыр. Олар су электр станциясы Шарын өзенінің ағысын реттеуге септігін тигізеді деп санайды.
Үкімет басшысы Мойнақ су электр станциясының құрылысын жандандыру үшін акциялардың бақылау қоржыны мемлекет қолында болатын заңды тұлға құру үлгісін жалпы мақұлдады. Бұл заңды тұлға «Бірлік» ЖАҚ-ымен бірлесе отырып мемлекеттік және жеке инвестицияларды тарту арқылы станцияны салып бітіруі тиіс.
«Бірлік» ЖАҚ-ның президенті Саханды Белқожаевтың айтуынша, кеңесте талқыланған үлгіні жеке инвесторлар толық қолдап отыр. Ол сондай-ақ жаңа су электр станциясы үш жылда пайдалануға беріледі дегенге сенім білдірді.
ҚР энергетика және минералды ресурстар министрлігінің ақпараты бойынша, Мойнақ су электр станциясының құрылысы Алматыдан шығысқа қарай 150 шақырым жерде, Шарын өзенінің жағалауында 1985-жылы басталған. Алайда, қаржы тапшылығына байланысты 1992-жылы құрылыс жұмыстары тоқтатылды.