Түпқарағанда тұңғыш барлау ұңғысын бұрғылауға дайындық жұмыстары аяқталды - kaz.caravan.kz
  • $ 514.31
  • 603.03
-3 °C
Алматы
2025 Жыл
17 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Түпқарағанда тұңғыш барлау ұңғысын бұрғылауға дайындық жұмыстары аяқталды

Түпқарағанда тұңғыш барлау ұңғысын бұрғылауға дайындық жұмыстары аяқталды

"Түпқараған Оперейтинг Компани б.в." операциялық компаниясы Түпқарағанда тұңғыш барлау ұңғысын бұрғылауға бағытталған барлық дайындық жұмыстарын аяқтады. Бұл туралы Ақтауда өткен қоғамдық тыңдауда "Түпқараған Оперейтинг Компани б.в." операциялық компаниясының бас директоры Молдағали Жаңбыров мәлімдеді,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

  • 3 Желтоқсан 2004
  • 842
Фото - Caravan.kz

М.Жаңбыровтың айтуынша, қазіргі жағдаймен көктмем, жаз және күзгі фонды экологиялық зерттеулер жүргізіліп, далалық (2Д) сейсмикалық барлау жұмыстары жүзеге асырылып, оларды өңдеу және талдау жұмыстары жүзеге асырылып, барлау ұңғысын орнататын ең тиімді орын айқындалып, бұрғыланатын алаңда инженерлік-геологиялық зерттеу жұмыстары атқарылды.

Барлау ұңғысын орнататын нүктені анықтауға бағытталған сапалық мәліметтер алынды. Бұрғылау жұмыстары алдындағы фонды экологиялық зерттеулер жүргізіліп, инженерлік-геологиялық зерттеу жұмыстары атқарылды. Сөйтіп, болашағынан үлкен үміт күттірген Түпқараған құрылымында тұңғыш барлау ұңғысын бұрғылауға бағытталған барлық дайындық жұмыстары тәмамдалды.
Теңіздегі сейсмологиялық және инженерлік-геологиялық зерттеулерді жүзеге асыру барысында қоршаған ортаға өндірістік мониторинг міндетті түрде жүргізіліп отырды. Бүгінге дейін тиісті өлшемдерден ауытқу байқалған жоқ.
Түпқараған учаскесі Түпқараған түбегінен батысқа қарай 40 шақырымда, Каспий теңізінің қазақстандық секторының орталық бөлігінде, Баутино айлағынан солтүстік-батысқа қарай орналасқан. Учаскеде осы аттас құрылым бар. Учаске алаңы 1372 шаршы шақырымға тең.
М.Жаңбыровтың айтуынша, барлау ұңғысының басты мақсаты — құрылымның юра-бор және триас жүйелеріндегі көмірсутегі қорын іздеу және бағалау болып табылады. Ұңғының тереңдігі 2500 метрге тең. Бұрғылау жұмыстары 7 метрлік тереңдікте 4 ай бойы жүргізіледі.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, бұрғылау жұмыстарын атқарушы мердігер ретінде Ресейдің «Лукойл Шельф Лтд» компаниясы таңдалған. Бұл компания әлемдік деңгейдегі «Астра» бұрғылау қондырғысын иемденеді.
Түпқарағандағы бұрғылау жұмыстарын «ЛУКОЙЛ Оверсиз Холдинг Лтд.» Компаниясы мен «ҚазМұнайГаз ҰК» ЖАҚ-ның теңіздегі жобаларға мамандандырылған еншілес компаниясы «ҚазМұнайТеңіз ТМК» ЖАҚ паритетті негізде жүзеге асыруда. «Түпқараған Оперейтинг Компани б.в.» — операциялық компания болып табылады.
Құрылымның болжамдық геологиялық қоры 388 млн. тонна шартты отынға тең , соның ішінде мұнай қоры 324,3 млн. тоннаны құрайды. Көмірсутегінің шикізат көзін табу мүмкіндігі жоғары деп есептеледі. Болжам бойынша мұнай өндіру жұмыстары 2010-2012-жылдары басталады. Негізгі құжат түрі — 40 жылға есептелген Өнім бөлісу туралы келісім болмақ.

Перейти к новостям спорта