Бас қосудың күн тәртібіне комиссияның алдағы жұмыс бағыттары мен мемлекеттік басқаруды бір орталыққа бағыныштылықтан арылту сынды екі мәселе шығарылған.
Мәжіліске комиссияның 20 мүшесінің 17-сі қатысып отыр. Комиссия төрағасы Болат Өтемұратов «Ақ жол» демократиялық партиясы, Коммунистік партия мен «Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиялары өкілдерінің қатыспауына байланысты өкініш білдірді. «Олар алдағы уақытта отырысқа қатысады деп сенемін. Қалай дегенмен, біз олардың пікірін комиссияның жұмысы барысында ескеретін боламыз»,- деді Б.Өтемұратов.
Комиссия төрағасының айтуынша, комиссияның басты мақсаты — қоғамды одан әрі демократияландыру жөніндегі мемлекеттік бағдарлама жобасын жасау болып табылады. Бұл бағдарламада «алдағы бірнеше жылға арналған әрбір қадам егжей-тегжейлі есептелетін болады»,- деді ол. «Елбасы мені еліміздегі бірде-бір саяси шешім комиссияның көзқарасын ескерусіз қабылданбайтын болады деп сендірді»,- деді Б.Өтемұратов.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, қоғамды демократияландыру жөніндегі ұлттық комиссия Қазақстанның саяси дамуына қатысты маңызды мәселелер бойынша жалпыұлттық диалогты дамыту үшін құрылған. Қоғамды демократияландыру жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы болып Қазақстанның қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Болат Өтемұратов бекітілді. Комиссия құрамына Қазақстанның қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары Берік Имашев, ҚР мәдениет, ақпарат және спорт министрі Есетжан Қосубаев, әділет министрі Оңалсын Жұмабеков, мәжіліс пен сенат депутаттары мен елімізде ресми тіркелген барлық саяси партиялардың жетекшілері енді.