Бұл туралы арнаулы кеңесте өндірістік филиалдың директоры Мұрат Құрбанбаев хабарлады.
Оның айтуынша, Тепкі кенішінде іздеу барлау мақсатындағы бұрғылау жұмыстарын жүргізу үшін барлау жобасы мен ұңғы салуға арналған техникалық жоба жасалып, құжаттар тиісті тәртіп бойынша бақылаушы мекемелерде келісілген.
М.Құрбанбаевтың айтуынша, бұл құрылымдағы болжанған мұнай қоры 8-10 млн. тоннаны құрайды. «Бұл құрылымды игеру жөніндегі лицензия «ҚазМұнайГаз»-дың иелігінде. Өйткені, «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның өндірістік филиалы Ұлттық компанияның еншілес кәсіпорны болып табылады. Компания бұл құрылымдағы барлау жұмыстарының бағдарламасын жасады»,- деді ол.
«Қазіргі таңда жұмыс бағдарламасының бюджеті бекітілді»,- деді М.Құрбанбаев. Бағдарламаға сәйкес, алдағы жылы бір барлау ұңғысын бұрғылау көзделген. Бір ұңғыны бұрғылауға шамамен 500 млн. теңге жұмсалады деп күтілуде. «Ұңғы құнының бұлайша жоғары болуы жұмыс алаңының қашықтығы мен бұрғылау станогын мобилизациялау шығындарына, сондай-ақ, күтілген өнім қорының геологиялық-физикалық сипаттамаларын бағалауға қажетті геологиялық-геофизикалық ауқымды зерттеулер кешенін жүзеге асыру талабына байланысты»,- деді ол.