Қ.Бишімбаевтың айтуынша, «бүгінде еліміздегі шикізаттық емес кластерлердің 150-і зерттеліп, олардың арасынан 23-і іріктелді». Бұлардың арасынан «нақты ұсыныстар әзірлеу үшін» 5-7 потенциалдық кластер сұрыпталады. Зерттеулердің екінші кезеңі үшін биотехнологиялар, жүк тасымалы, мал шаруашылығы, инвестициялық банк қызметтері, жиҺаз өнеркәсібі, металлургия, мұнайхимиясы өнеркәсібі, білім беру, құрылыс, туризм, азық-түлік өнеркәсібі сынды салалар таңдалды. Жоба 2005-жылдың шілде айында жүзеге асырылып бітуі тиіс.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 2004-жылдың шілде айында елімізде бәсекелестік қабілетті арттыру және кластерлік даму жөніндегі бағдарлама жүзеге асырыла бастады. Бағдарлама шеңберінде ҚР экономика және бюджетті жоспарлау министрлігінің жанындағы «Маркетингтік және талдамалық зерттеулер орталығы» АҚ мен J.E. Austin Associates компаниясы арасында келісім-шартқа қол қойылды. Келісім бойынша, аталмыш консалтингтік компания қазіргі бар және потенциалдық экономика салаларының бәсекелестік қабілетіне баға беріп, оларды дамытуға бағытталған нұсқаулар әзірлейді.
Кластерлерді дамытудағы ақырғы мақсат — қосалқы құны жоғары ақырғы өнім өндіре алатын, экспортқа бағытталған кәсіпорындар құруға саяды.