«Бұл қаржы Астана қалалық коммуналдық шаруашылық департаментіне бөлінеді және бірінші кезекте пәтерлерді қалпына келтіруге бағытталады»- деді С.Есілов. Оның айтуынша, үйде жаңа есіктер мен терезелер орнату жұмыстары басталып та кетті. «Қазір жөндеу үшін пәтерлерді коммуналдық шаруашылық департаментіне өткеріп беруге пәтер иелерінен рұқсат пен кепілдік алу жұмыстары жүргізілуде»,- деді ол.
С.Есіловтың айтуынша, өрт салдарынан дүние-мүлкінен айрылып қалған азаматтардың шығынын толықтырып беру мәселесі «өрттің шығу себептері мен оған кінәлі адамдар анықталғаннан кейін ғана» шешіледі.
Өрт шыққан үй бұзылуға тиіс ескі үй емес, деді С.Есілов. Үйдің жағдайын бағалауға шақырылған Қарағанды ҒЗИ-ның мамандары «көзбен көру және ғимарат конструкциясын зерттеу нәтижесіне қарағанда үйді апатты жағдайда деуге келмейді» деген қорытынды жасады, дейді әкімнің орынбасары. Оның айтуынша, институт мамандары сондай-ақ ғимарат конструкцияларын нығайтуға бағытталған қорытындыны он күнде дайындап шығуы тиіс. «Бұл жұмыстарға жұмсалатын шығындардың басым бөлігі бірінші қабат қожайынының үлесіне тиюі тиіс, ғимарат конструкциясын күшейтуді біз оған міндеттейтін шығармыз»,- деді әкімнің орынбасары.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 1-қаңтарда Елордасындағы №2 ықшам ауданның бес қабатты бір үйінде өрт шыққан. Үйдің бірінші қабатындағы «Орбита» дүкені тұтанды. Өрт салдарынан ғимараттың бірінші қабаты толық өртеніп, 37 пәтер зардап шекті.