Бұдан бұрын да хабалғанымыздай, оқыс оқиға 23-желтоқсанда болған. Кутузов көшесінің бойындағы 10 қабатты үйдің алтыншы қабатындағы бір пәтерде тұрмыстық көгілдір отын баллондары жарылып, жойқын өрт шықты. Зәре-құты қашқан тұрғындар терезелерден секіре бастаған. Соның салдарынан 11 адам ауруханаға түсті. Оқиға орнында 22 жастағы екіқабат әйел қаза тапса, осыдан екі күннен кейін ауруханада оның 47 жастағы енесі қайтыс болды.
2-қаңтарда күйік салдарынан ауруханада 61 жастағы әйел, ал 4-қаңтарда 26 жастағы жігіт көз жұмды. Төтенше жағдайлар жөніндегі басқарманың мәліметіне сәйкес, қаза тапқан төрт адамның үшеуі бір отбасынан.
Қазір оқыс оқиғадан зардап шеккен бес адам ауруханаларда жатыр, олардың екуінің жағдайы өте ауыр.
Өрт шыққан үйдің тұрғындары қаладағы бір дауажайға орналастырылған. Үйді жөндеу жұмыстары одан әрі жалғасуда.